Тәртіп туралы сөз қозғағанда, оны тек құқықбұзушылықпен байланыстыру дұрыс емес.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», – деген нақыл сөзі осындайда еріксіз еске түседі.
Тәртіп – уақытты бағалаудан, қоғамдық орындарды таза ұстаудан, өзгенің еңбегін құрметтеуден, уәдеге беріктіктен, қызметтік міндетті адал орындаудан басталады.
Мысалы, көшеге қоқыс тастамау – экологиялық мәдениет болса, қоғамдық мүлікке зиян келтірмеу – азаматтық жауапкершілік. Жол ережесін сақтау – өз өміріңе ғана емес, өзгенің өміріне деген құрмет. Ал жұмысты уақытында орындау – еңбек тәртібінің көрінісі.
Демек, тәртіп дегеніміз – адамның күнделікті мінез-құлқына айналған жауапкершілік.
Осы тұрғыдан алғанда «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамның барлық саласын қамтитын кең ұғым. Ол мемлекеттік қызметтен бастап білім мен мәдениетке, отбасылық тәрбие мен еңбекке, қоғамдық орта мен цифрлық кеңістікке дейінгі өмірдің барлық бағытында көрініс табады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы