1 қыркүйек — бала жүрегіне қуаныш ұялатып, жаңа үміт сыйлайтын ерекше күн. Биыл бұл мерекенің мәні Алатау қаласының Gate City қалашығы үшін тіпті айрықша болды. Білім күні жаңа мектептің ашылуымен басталып, қалашықтағы оқушылар мен ата-аналарға үлкен қуаныш сыйлады. Gate City қалашығында №20 орта мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, жаңа білім ордасының есігі оқушыларға айқара ашылды. Салтанатты жиынға қала әкімдігі мен мәслихат өкілдері, ұстаздар, ата-аналар, оқушылар және қадірлі қонақтар қатысты.
Мерекелік жиында алғашқы құттықтау сөзді Алатау қаласы әкімінің орынбасары Гүлбану Несіпбаева алып, жаңа мектептің ашылуы Алатау қаласы үшін айрықша оқиға екенін атап өтті.
— Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар, қадірменді қонақтар! Бүгін Білім күні қарсаңында Gate City қалашығының өміріндегі ерекше сәт – жаңа келешек мектебінің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Баршаңызды осы қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын. Біздің ең басты байлығымыз – өскелең ұрпақ. Сондықтан мемлекет тарапынан балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалуда, – деді қала әкімінің орынбасары. Ол қазіргі заманда білімнің жеке адамның ғана емес, тұтас ұлттың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторға айналғанын айтып, заманауи мектептің балаға сапалы білім берумен қатар, оның шығармашылық қабілеті мен ойлау жүйесін дамытуға ықпал ететінін жеткізді.
Жаңа мектеп Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында бой көтерген. Бұл – Алатау қаласындағы жоба негізінде салынған екінші білім беру нысаны. Осы орайда Гулбану Сейіткенқызы барлық талапқа сай мектепте білім алған жас ұрпақ жаһандық бәсекеге қабілетті, парасатты және отаншыл болып өсетініне зор сенім білдірді.
Салтанатты шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – жаңа мектептің лентасын AI-интерактивті форматта қию рәсімі болды. Артынша қала әкімінің орынбасары мектептің символдық кілтін білім ордасының директоры Сұлтан Жарқынбековке табыс етті.

Жаңа мектептің көлемі де көңіл қуантады. Білім ордасының жалпы аумағы 13 250 шаршы метрді құрайды. Мұнда 1550 оқушы білім алуға мүмкіндік алады. Мектепте 65 білікті маман тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал биыл 195 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр. Жаңа білім ордасы – жай ғана оқу кабинеттерінен емес оқушылардың білім алуына, ізденуіне және қабілетін дамытуына қажетті заманауи құрылғылармен толық жабдықталған. Мұндағы ең озық технологиялар, стенд-зертханалар және инклюзивті орталықтар балалардың білімін арттыра түспек.
Салтанатты шарада келесі сөз кезегін алған Алатау қаласы мәслихатының депутаты Роза Михайлқызы да ұстаздар мен оқушыларды жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.
— Қымбатты оқушылар, құрметті ұстаздар мен ата-аналар! Баршаңызды осындай тарихи күнмен, жаңа білім ордасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Құрметті оқушылар, ұстаздарыңыздың айтқанын мұқият тыңдап, білім шыңын бағындыруларыңызға тілектеспін. Еліміздің мәртебесін әрқашан біліммен көтерейік, – деді ол.
Сондай-ақ мерекелік жиында Қазақстан Республикасының білім үздігі, ұлағатты ұстаз Сара Асанбаева да сөз алып, жаңа мектептің ашылуын жарқын болашаққа бастар маңызды қадамға балады. Ол игі істің басында тұрған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевке және мектептің бой көтеруіне үлес қосқан азаматтарға ұстаздар атынан ақ алғысын жеткізді.
Ақжолтай тілектер айтылып, ізгі ниеттер білдірілген соң Алатау қаласы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Отар Кенжеғұлов балаларға ақ батасын берді. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, жаңа білім шаңырағына шаттық тіледі.
Салтанатты рәсімнен кейін құрметті қонақтар мектептің ішін аралап, заманауи оқу кабинеттері мен арнайы жабдықталған бөлмелерді көрді. Жаңа мектептің әр бұрышынан білімге ұмтылған баланың талабына лайықты жағдай жасауға деген ұмтылыс байқалады. Білім күнімен бірге есігін айқара ашқан №20 орта мектеп енді Gate City қалашығындағы талай баланың білім мен тәрбие алатын алтын ұясына айналмақ.
Құралбек СӘБИТОВ