Телефон арқылы адамды алдап, ақшасын иемденуге тырысатын алаяқтардың айласы күн санап өзгеріп келеді. Олар сенімге кіріп қана қоймай, адамның психологиялық жағдайына әсер етуді де көздейді.
Жақында Ұйғыр ауданында осындай кезекті жағдай тіркелді. Телефон арқылы хабарласқан алаяқтар зейнет жасындағы азаматты алдап, ұялы телефонына келген кодты айтқызуға әрекет жасаған. Алайда азамат бұған дейін полиция қызметкерлерінен алған ескертуді есіне түсіріп, күмәнді әңгіменің мәнін дер кезінде түсінген.
Ол қоңырауды тоқтатып, алаяқтардың айтқанына ермеген. Осылайша жеке мәліметтері мен қаржысын қорғап қалды. Айтқанын орындата алмаған алаяқтар бұл жолы ашуға мініп, азаматты балағаттауға көшкен. Бұл – олардың адамды сасқалақтатып, ашуға булықтыру арқылы ойланбастан әрекет жасатуға тырысатын тәсілдерінің бірі.
Сондықтан бейтаныс нөмірден қоңырау түссе, асығыс шешім қабылдамаған жөн. Банк қызметкерлері, полиция немесе мемлекеттік мекеме өкілдері телефон арқылы SMS-кодты, банк картасының деректерін, құпиясөзді сұрамайды.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы