Жаңа оқу жылының басталуымен бірге мектептерде білім мен тәрбие жұмысы ғана емес, балалардың қауіпсіздігіне қатысты шаралар да күшейе түседі. Осыған орай Ұйғыр ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері мектеп оқушыларымен кездесіп, қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес өткен кездесуге Ұйғыр ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ермек Қамалұлы Джаменкеев қатысып, Абай атындағы мектеп-гимназиясының оқушыларын жаңа оқу жылымен құттықтады. Ол жасөспірімдерге сапалы білім алудың, уақытты тиімді пайдаланудың және заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын айтып, әр баланың қауіпсіздіігі үлкендердің ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.
Кездесу барысында оқушыларға зиянды әдеттерден аулақ болу, құққ бұзушылыққа жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізген полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасында кездесетін әлімжеттік пен буллингтің алдын алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлді. Олар оқушыларды бір-біріне құрметпен қарауға, қиын жағдайға тап болған кезде оны жасырып қалмай, ата-анасына, мұғаліміне немесе тиісті мамандарға айту қажеттігін екшеп түсіндірді.
Балалардың жолдағы қауіпсіздігі де назардан тыс қалған жоқ. Әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1 сынып оқушыларына жол жүру ережелері қарапайым тілмен түсіндірілді. Оларға бағдаршам талаптарын сақтау, жаяу жүргіншілер өткелінен дұрыс өту, жол бойында абай болу және көшеде қауіпсіз жүріп-тұру тәртібі көрсетті. Тіпті полиция қызметкерлері әр баланы жолдан өткізе отырып, ережелерді мұқият түсіндіріп берді.
Жаңа оқу жылының алғашқы күндерін балалар үшін көтеріңкі көңіл күймен бастау мақсатында полиция қызметкерлері оқушыларды құттықтап, оларға бояуға арналған суреттер сыйлады. Бұл – балаларға қауіпсіздік ережелерін үйретумен қатар, полиция мен оқушы арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған жақсы бастама.
Бала қауіпсіздігі – бір ғана мекеменің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан полиция мен білім беру ұйымдарының бірлескен профилактикалық жұмысы алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Ең бастысы – әр бала мектепке алаңсыз барып, білім алып, үйіне аман-есен оралуы.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы