Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Балалардың өмірі мен денсаулығы – ең басты құндылық

Балалардың өмірі мен денсаулығы – ең басты құндылық

34 қаралым

Жаңа оқу жылының басталуына орай Еңбекшіқазақ ауданы Полиция басқармасының Әкімшілік полиция бөлімінің қызметкерлері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар профилактикалық іс-шараларды жүргізуде.

Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – оқушылардың білім беру ұйымдарына қауіпсіз келіп-кетуін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және балалардың жол жүрісі ережелерін сақтауына жағдай жасау.

Осыған байланысты жалпы білім беретін мектептерге іргелес орналасқан автомобиль жолдарына тексеру жүргізілді. Тексеру барысында жол бөлігінің жай-күйіне, жол таңбаларының сақталуына, жол белгілерінің дұрыс орнатылуы мен жарамдылығына, жаяу жүргіншілер өткелдерінің жағдайына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ мектеп маңындағы жол учаскелерінде балалардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Сонымен қатар, оқушыларды жалпы білім беретін мектептерге тасымалдауға арналған автобустарға да бақылау жұмыстары жүргізілуде. Тексеру барысында көлік құралдарының техникалық жағдайы, қажетті құжаттарының болуы, жүргізушілердің тиісті талаптарға сәйкестігі және балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуы қарастырылады.

Мектеп маңындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек полиция қызметкерлерінің ғана емес, ата-аналар, педагогтер, жүргізушілер және жалпы қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе оқу жылының алғашқы күндерінде жүргізушілерден мектептерге жақын аумақтарда жылдамдықты төмендетіп, жол қозғалысына барынша мұқият болу сұралады.

Ата-аналарға да балаларға жолдан өту ережелерін үнемі түсіндіріп, мектепке барар және қайтар қауіпсіз бағытты алдын ала көрсетіп, жол бойындағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға үйрету ұсынылады.

Балалардың өмірі мен денсаулығы – ең басты құндылық. Сондықтан әрбір жол қозғалысына қатысушы қауіпсіздік талаптарын сақтап, жас ұрпақтың амандығына өз үлесін қосуы қажет.

Еңбекшіқазақ ауданы Полиция басқармасы оқу жылы барысында балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық және бақылау жұмыстарын жалғастырады.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы