Перейти к содержимому

БІЛІМГЕ БАСТАР АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

25 қаралым

Күздің алғашқы күні – жаңа бастамалар мен жарқын үміттердің мезгілі. Білім күні мектеп табалдырығын аттаған оқушылар үшін ғана емес, балабақша бүлдіршіндері үшін де ерекше күн. Осыған орай Алматы қаласындағы «№13 арнайы бөбекжай-балабақшасында» мерекелік шара өтті.

Бұл күн балабақша іші балалардың шат күлкісі мен әсем әнге бөленді. Бүлдіршіндер тақпақ айтып, ән шырқап, би билеп, түрлі танымдық ойындарға белсене қатысты. Жұмбақтардың жауабын тауып, тапқырлықтарын танытты.

Мерекелік бағдарламаның әр бөлігі балалардың қызығушылығын оятып, бір-бірімен еркін қарым-қатынас жасауына бағытталды. Бүлдіршіндер сәлемдесу әдебін еске түсіріп, достық пен сыйластықтың мәнін ойын арқылы ұғынды.

Шараға ерекше сән берген кейіпкердің бірі – Үншықпас. Алғашында жасқаншақ, ешкіммен ойнамай, оңаша жүруге үйренген ол балалардың ортасына келіп, олардың өнерін тамашалайды. Бүлдіршіндермен бірге ойын ойнап, ән мен биге араласқан сайын Үншықпастың да көңілі көтеріліп, жаңа достар табады. Осы шағын қойылым арқылы балаларға достықтың, өзара қолдаудың және ортаға бейімделудің маңызы қарапайым әрі әсерлі түрде жеткізілді.

Мереке барысында бүлдіршіндер «Балдәурен» биін билеп, «Балабақша үйіміз» әнін бірге орындады. Сондай-ақ ертегі кейіпкерлері, мектеп пен оқу құралдары туралы жұмбақтарға жауап беріп, түрлі ойындарда белсенділік танытты. Ән мен би, ойын мен таным астасқан бағдарлама балаларға ерекше көңіл күй сыйлады.

№13 арнайы бөбекжай-балабақшасындағы Білім күні осылайша бүлдіршіндердің қуанышына толы мерекеге айналды. Балабақша – бала үшін қоршаған ортаны танып, алғашқы достарын тауып, жаңа дағдыларды меңгеретін маңызды орта. Ал әрбір жаңа оқу жылы – сол кішкентай қадамдардың үлкен жетістіктерге бастар тағы бір белесі.

Білімге бастар жол балабақшадан басталады. Бүлдіршіндердің бүгінгі кішкентай талпынысы ертеңгі үлкен жетістіктерге ұлассын.

Айсұлу Қуандыққызы,
№13 арнайы бөбекжай-балабақшасының әдіскері