Жуырда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қиын жағдайға тап болған тұрғындарға көмек көрсету мақсатында «Біз қасыңыздамыз, бізден сұраңыз!» атты ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы Отбасын қолдау орталығында өтті. Жиын барысында полиция қызметкерлері тұрғындармен кездесіп, отбасындағы жанжал мен зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ осындай жағдайға тап болған кезде қайда және қалай жүгіну керектігін түсіндірді.
Кездесуде азаматтарға өз құқықтарын білу, қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарласу және тиісті көмекке жүгіну жолдары айтылды. Сонымен қатар қорғау тетіктері жөнінде түсінік беріліп, тұрғындарға қажетті ақпарат қамтылған буклеттер таратылды.
Полиция қызметкерлері қиын жағдайға тап болған азаматтарды мәселені іште сақтамай, дер кезінде көмек сұрауға шақырды. Өйткені, кез келген мәселені уақытында айтып, тиісті мамандардан көмек алу – оның алдын алудың маңызды қадамы.
Отбасын қолдау орталығы – тұрғындарға қажетті кеңес пен көмек алуға мүмкіндік беретін маңызды орындардың бірі. Мұнда азаматтар өздерін толғандырған мәселелер бойынша мамандарға жүгініп, қажетті бағыт-бағдар ала алады. Сондықтан зорлық-зомбылыққа тап болған әр азамат бұл орталыққа да жүгініп, мәселесін асқынбай тұрған кезде шешуіне мүмкіндігі бар. Осындай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілмек. Өйткені отбасындағы татулық пен өзара сыйластық – әр шаңырақтың берекесі. Ал оны сақтау үшін құқықты білу, бір-біріне құрметпен қарау және қиындық туындағанда көмек сұраудан тартынбау маңызды.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ