Перейти к содержимому

Құқықтық сауат қауіптің алдын алады

16 қаралым

Ұйғыр аудандық полиция қызметкерлері «Біз қасыңыздамыз. Бізден сұраңыз!» акциясы аясында кәсіпкерлік нысандарда болып, тұрғындармен әңгімелесті. Кездесулердің негізгі өзегі – отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алу және осындай жағдайға тап болған адамдарға қажетті бағыт-бағдар беру.

Полиция өкілдері азаматтардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, қиындық туындаған жағдайда тиісті мекемелерге жүгіну тәртібін түсіндірді. Сондай-ақ қолданыстағы қорғау шаралары мен көрсетілетін көмектің түрлері туралы кеңінен мәліметтер берді. Ақпараттық материалдар таратылып, тұрғындардың құқықтық мәселелер бойынша хабардар болуын көмектесті.

Кейде адам өз басындағы қиындықты сыртқа шығаруға қиналып, мәселені жалғыз шешуге тырысады. Осындай сәтте қажетті көмектің бар екенін білу аса маңызды. Мамандардың айтуынша, қандай да бір қауіп байқалған жағдайда оны елемей қалдырмай, уақытында тиісті орындарға хабарласу көптеген келеңсіз жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді.

Өткізілген шараның тағы бір ерекшелігі – тұрғындармен ақпаратты жай ғана жеткізу емес, ашық түрде пікір алмасу арқылы жүргізілуі. Бұл азаматтардың өз құқықтарына қатысты мәселелерді еркін сұрап, нақты жауап алуына мүмкіндік берді.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұйғыр ауданы