Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында онлайн сауда қызметіндегі сын-қатерлер және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері қозғалды. Тақырыпты сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының Алматы облысы бойынша орынбасары Ермек Әбікенов тарқатты.
Спикердің айтуынша, онлайн саудада тұтынушы нақты тауарды көре алмайды, сондай-ақ ол сатылымда бар ма, оның техникалық жай-күйі қандай, көрсетілген сипаттамалар мен фотосурет шындыққа сәйкес келетінінен бейхабар. Әсіресе жалған тауар сатушылар әлеуметтік желіде жалған сату сайтын ашып, жоқ тауардың фотосуретін қойып жазылушыларды тіркейді. Интернет саудамен байланысты айлакерлік құрбаны болмас үшін жылдам саудада мұқият болған жөн. «Әдемі фотосуреттермен безендірілген, сатуш-ылары сенімді деп сендіретін интернет-дүкен экрандағы жай бейне ғана. Сондықтан тауар сатып алмас бұрын жан-жақты тексеру маңызды. Тағы бір маңызды мәселе – чек алу. Төлемді растайтын құжат сатып алу фактісін тіркеуге және оны тұтынушылық құқықтарын қорғауда одан әрі пайдалануға мүмкіндік береді. Сондықтан сатып алушы сатушының төлемді қалай рәсімдейтінін және растайтын құжаттарды қалай ұсынатынын алдын ала нақтылауы керек. Онда төлеген кезде де сақтық қажет. Егер сатушы ақшаны банк картасына немесе басқа жеке тұлғаның шотына аударуды ұсынса немесе өзі туралы ақпарат беруден жалтарса, сатып алудан бас тартқан дұрыс. Интернет арқылы тауар сатып алған азаматтар дәстүрлі дүкеннен сауда жасаған кездегідей құқықтарға ие. Сатушы тауардың бағасы, сипаттамасы, кепілдік шарттары туралы толық әрі шынайы ақпарат беруге, сондай-ақ өзінің атауын, мекенжайын және байланыс деректерін көрсетуге міндетті. Онлайн саудадағы ең жиі кездесетін мәселелердің бірі – сапасыз тауардың жеткізілуі. Мұндай жағдайда тұтынушы тауарды ауыстыруды, оның бағасын төмендетуді, кемшіліктерін тегін жоюды немесе төленген ақшаны толық қайтаруды талап ете алады. Сатушы тауарды интернет арқылы сатып алынғанын сылтау етіп, заңды талаптарды орындаудан бас тарта алмайды», – дейді Ермек Әбікенов.
Департамент өкілінің сөзінше, биылғы жылдың алғашқы алты айында 2 680 өтініш келіп түсті. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі 693 өтінішпен салыстырғанда екі есе көп. Өтініштердің басым бөлігі электрондық саудаға тиселі. Өз кезегінде Ермек Әбікенов азаматтарға тауарлар мен қызметтерді таңдауда мұқият болуды, сатып алуды немесе қызметті растайтын құжаттарды сақтау және құқықтары бұзылған жағдайда уәкілетті органдарға уақытылы жүгінуді ұсынды.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы