Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Сауда орталығындағы серпіліс

Сауда орталығындағы серпіліс

11 қаралым

Қарасай ауданындағы әлеуметтік маңызы зор нысандардың бірі – Іргелі ауылдық округінің аумағында орналасқан «Алтын орда» әмбебап сауда кешені. Мұнда аудан тұрғындарымен қатар, ірі мегаполис – Алматы қаласының халқы да көкөніс пен жеміс-жидек, киім-кешек және басқа да тауарларды сатып алады. Базарда сауда-саттыққа арналған заманауи павильондар орналасқан. Жуырда мүнда кезекті үшінші павильон пайдалануға берілсе, енді төртіншісінің құрылысы басталды.

Нарыққа жаңа басқарушы компа­ния – Big City Market келгеннен кейін жағдайдың біртіндеп жақсара бас­тағанын атап өткен жөн. Мұны сау­дагерлердің де, сатып алушылардың да сөздерінен аңғаруға болады.
– Мен «Алтын орда» сауда орталығында ұзақ уақыттан бері еңбек етіп келемін және мұнда жағдайдың қаншалықты жақсы жаққа өзгергенін көріп отырмын, – дейді кәсіпкер Нина Калкожаева. – Бұрын жағдай жайлы болды деп айта алмаймын. Бірде аптап ыстықта, бірде суықта жұмыс істеуге тура келетін. Қазір бәрі түбегейлі өзгерді. Базар әкімшілігінің тек пайда табуды ғана емес, саудагерлер мен сатып алушылардың да жағдайын ойлап, жұмыс істеп отырғаны көрініп тұр. Жоспарланған барлық жұмысты жүзеге асыруға мүмкіндіктері жете берсін.
Big City Market компаниясының баспасөз хатшысы Диана Мұхит­қызы­ның айтуынша, базарға бөлінген аумақтың көлемі 32 гектарды құрайды. Жалпы мұнда бес мыңнан астам сауда орны қарастырылған.
Базарға келушілер саны тәулігіне 50 мың тұтынушыға дейін жетеді. Алматы облысы мен Алматы қаласы бойынша «Алтын орда» көкөніс, ет өнімдері мен жеміс-жидек саудасының көтерме саудадағы 40 пайызына дейін, ал бөлшек сауданың 70 пайызына дейін қамтиды. Тауарлар Қазақстанның әртүрлі өңірінен, сондай-ақ Пәкістан, Иран, Ресей, Қытай, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерден жеткізіледі.
Жолға қойылған тиімді логис­тикалық үдерістің арқасында сауда сөрелерінде қажетті тауарлар әр­дайым жеткілікті мөлшерде болады. Сонымен қатар нарыққа келіп түсетін өнімдердің қауіпсіздігін санитария­лық-эпидемиологиялық бақылау қыз­меткерлері қадағалайды.
Ұзақ уақыт бойы автокөлік кептелісі мәселесі өзекті болған еді. Алайда жолдың кеңейтілуі, жолайрықтары мен эстакадалардың салынуы бұл мәселені едәуір азайтуға мүмкіндік берді.Сондай-ақ сауда кешені аума­ғында тауарларды сақтау және өткізу үшін 60 қойма бар. Олар тоңа­зытқыш камералармен және басқа да технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тағы бір маңызды жайт, тауарлар делдалсыз, тікелей жеткізіледі. Бұл олардың жоғары сапасын, кең ассортиментін және төмен бағасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Кешенді жаңғырту аясында «В» секторында жабық кросс-доктардың құрылысы да жүргізіліп жатыр, – деп толықтырды Диана. – Бұл жұмыстар заманауи логистиканы қамтамасыз етуге, жүк көліктерінің қозғалысын реттеуге, көліктер мен тауарлардың ретсіз орналасуын азайтуға, тиеу-түсіру жұмыстарын жақсартуға және көтерме сауданы барынша жүйелеуге бағытталған. Сондықтан құрылыс жүргізілетін аймақтағы бұрынғы сауда орындары босатылып, кәсіпкерлерге сауданы жалғастыру үшін балама орындар ұсынылды. Яғни сөз болып отырғаны – аумақты заманауи сауда-логистикалық инфрақұрылымға бейімдеу. Сонымен қатар заманауи цифрлық технологияларды, атап айтқанда, электронды сауданы, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды және автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осылайша мұнда Қазақстан Үкіметінің еліміздегі ірі сауда алаңдарын цифрландыру жөніндегі бастамасына қолдау көрсетілуде.
Айта кетерлігі, нарық аумағында кіреберіс ақысын төлеуге арналған QR-кодтар мен POS-терминалдары бар автоматтандырылған автотұрақ жүйесі орнатылған. Нәтижесінде автотұрақ үшін төлем жасау жүйесі ашық әрі тиімді болып қана қоймай, мемлекетке де табыс әкелуде.
– 311 автокөлікке арналған авто­тұрақ кешені пайдалануға берілді. Заманауи POS-терминалдармен жаб­дықталған алты шлагбаум жұмыс істейді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 300-ге жуық бейнекамера орнатылған. Сонымен қатар үлкен LED-экран қарастырылған, – деп толықтырды Диана. – Бұдан бөлек, павильондардың өзінде адамдардың бет-әлпетін тануға мүмкіндік беретін үш үлкен бейнекамера орнатылды. Даму жоспарына сәйкес қолданыстағы павильондарды қайта жаңғырту, сондай-ақ жаңа павильондар салу жұмыстары жалғасуда.
Нарық жұмысының ашықтығын қамтамасыз ететін арнайы әзірленген сайт та кәсіпкерлерге үлкен көмек көрсетуде. Ол арқылы кәсіпкерлер келісімшарттар жасасып, жалдау ақысын төлеп, сауда орындарын цифрлық форматта таңдай алады.
Өрт қауіпсіздігі де назардан тыс қалған жоқ. Бұған дейін анық­талған барлық заңбұзушылық жойылды. Атап айтқанда, Phoenix KZ компа­ниясымен жасалған келісім­шарт не­гізінде нарық өрт сөнді­руге арналған арнайы техникамен қамтамасыз етілді. Барлық нысанда автоматты өрт дабылы жүйесі ор­натылған. Сонымен қатар жолдар, кәріз және желдету жүйелері жөнделді.
Нарық аумағының экологиялық жағдайын жақсартуға және абат­тандыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Ең алдымен, демалыс аймақтарын құру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге базардың шеткі аумақтарын көгалдандыру, жарықтандыру және асфальттау жұмыстары жалғасып жатыр.
– Барлық осы іс-шаралар оңтүстік астананы дамытудың Бас жоспары, сондай-ақ нарықтың дамуына жаңа серпін беретін жаңа метро стансасының құрылысы ескеріле отырып жүзеге асырылып жатқанын да атап өткен маңызды, – деп жалғастырды әңгімесін Диана. – Сонымен қатар біз шағын және микробизнес өкілдерін жаппай жұмыспен қамтуға ықпал етіп, оларға әлеуметтік қолдау көрсетуді жалғастырып келеміз. Әлеуметтік тұрғыдан осал тұрғындарды да жұмыс орындарымен қамтамасыз етудеміз. Азаматтардың жекелеген санаттарына нарық көрсететін қызметтер бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ мұндағы сауда орындарының жалдау ақысы еліміздегі ең қолжетімді бағалардың бірі екенін атап өткен жөн.
Белгілі болғандай, Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешен басшыларының алдына стихиялы саудадан арылу міндетін қойған болатын. «Алтын орда» нарығында бұл тапсырма жүйелі түрде орындалып, сауданы сапалы жаңа деңгейге шығару үшін қажетті шаралар қабылдануда.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы