Перейти к содержимому

Тәртіп әрбір азаматтан басталады

20 қаралым

Заң мен тәртіп – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Көшеде қоғамдық тәртіпті сақтау, жол ережесін бұзбау, өзгенің құқығына құрметпен қарау, ортақ мүлікке ұқыпты болу сияқты қарапайым талаптардың өзі қоғамдағы тәртіптің қалыптасуына ықпал етеді. Қазіргі таңда құқық бұзушылықтың алдын алу мен азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға ерекше мән беріліп отыр. Бұл бағытта құқықтық сауаттылықтың маңызы ерекше. Азамат өз құқығы мен міндетін жақсы білген сайын заң бұзушылықтың алдын алу да жеңілдейді. Әсіресе жас ұрпаққа заң талаптарын түсіндіру, жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру – маңызды міндет. Балалық және жасөспірімдік кезеңде қалыптасқан құқықтық мәдениет адамның кейінгі өміріне де әсер етеді. Тәртіпті қоғам бір күнде қалыптаспайды. Ол отбасындағы тәрбиеден, мектептегі білімнен және әр азаматтың өз ісіне жауапкершілікпен қарауынан басталады. Заңға бағыну – тек жазадан қорқу емес, өз құқығыңмен қатар өзгелердің де құқықтарын құрметтеу. Әр адам «заңды өзгелер емес, мен де сақтауым керек» деген ұстанымды қалыптастырғанда ғана қауіпсіз әрі әділетті орта құрылады. Сондықтан заң мен тәртіпті сақтау әрбір азаматтың күнделікті өмірінен басталуы тиіс. Қоғамдық қауіпсіздікке бейжай қарамай, құқық бұзушылықтың алдын алуға атсалысу – ортақ міндет. Заңға құрмет – тәртіпке бастайтын жол, ал тәртіпті қоғам – ел тұрақтылығының берік негізі.

Лиза КӨШКЕНОВА,

Текес ауылы «Қызғалдақ»

бөбекжай-балалар бақшасы

меңгерушісінің міндетін атқарушы.

Райымбек ауданы