Қазақстанда заң үстемдігін қамтамасыз ету – мемлекеттің тұрақты дамуы мен қоғамдағы әділеттіліктің негізгі шарттарының бірі. Конституцияда Қазақстанның құқықтық мемлекет екені және мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені бекітілген. Сонымен қатар ел қызметінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету белгіленген.
Заң үстемдігі дегеніміз – заң талаптарының қоғамның барлық мүшесіне бірдей қолданылуы. Азаматтың әлеуметтік жағдайына, қызметіне немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, заң алдында бәрі тең. Әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын заң аясында қорғауға және қажет болған жағдайда сот арқылы қорғануға құқығы бар. Бұл – құқықтық мемлекеттің маңызды белгілерінің бірі.
Сонымен бірге азаматтардың құқықтарымен қатар міндеттері де бар. Әр адам Конституция мен заңдарды сақтап, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Яғни заң үстемдігі тек мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігін емес, азаматтың да қоғам алдындағы жауапкершілігін білдіреді.
Қоғамдағы заң мен тәртіпті нығайту үшін құқық бұзушылықтың алдын алу, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға заң талаптарын түсіндіру жұмыстары маңызды. Адам өз құқығын білгенде ғана оны заңды жолмен қорғай алады. Ал өз міндетін түсінген азамат қоғамдық тәртіпті сақтауға және айналасындағылардың құқықтарына құрметпен қарауға ұмтылады. Заң үстемдігі мемлекеттік органдардың қызметіне де үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекеттік шешімдер заң талаптарына сай қабылданып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделері қорғалуы тиіс. Конституцияда адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беріліп, олардың заңсыз әрекеттерден қорғалуы қарастырылған.
Заң мен тәртіпті сақтау – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, барша қоғамға ортақ іс. Отбасында балаға заңды құрметтеуді үйретуден бастап, мектепте құқықтық тәрбие беру, еңбек ұжымдарында жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға дейінгі жұмыстардың барлығы құқықтық мәдениетті нығайтуға ықпал етеді. Әділетті қоғам құру заң талаптарын орындаудан басталады. Әр азамат заңды құрметтеп, өз құқығы мен міндетін біліп, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қараса, елдегі тұрақтылық та нығая түседі. Сондықтан заң үстемдігі – мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ құндылығы әрі жауапкершілігі.
Ақерке БИЖАН
Райымбек ауданы