Жаңа оқу жылында Жамбыл ауданында 3700-ден астам бала мектеп табалдырығын алғаш аттады. Сонымен бірге, осынау мерейлі мереке күні аудан орталығындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінде күделі жөндеу жұмыстары аяқталып, жаңарған ғимарат ауласында Білім күніне арналған «Таза Қазақстан: Конституция құндылықтары – экологиялық мәдениет және жауапкершіліктің негізі» тақырыбында салтанатты жиын өтті.
Мектеп ұжымы мен оқушылар және ата-аналар қатысқан мерекелік шараға Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Туматаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Светлана Алтынбекова, ардагер ұстаздар келді. Жиын барысында білім мен тәрбиенің, туған жерге деген сүйіспеншілік пен табиғатты қорғаудың маңыздылығы айтылып, жас ұрпаққа үлкен жауапкершілік жүктелетіні атап өтілді. Салтанат сәнін қазақтың ұлттық биі, әсерлі көрініс одан сайын шырайландырып, жиналған көпшілік мерекелік көңіл-күйге бөленді. Сондай-ақ мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің алғашқы қадамы мен 11-сынып оқушыларының толғанысы ерекше әсерлі көрініс тапты.
Салтанатты шара барысында құттықтау сөз алған мектеп директоры Гүлжан Рахымбекқызы тарихы терең білім ордасында сапалы білім мен саналы тәрбиенің жақсы дәстүрі қалыптасқанын айтты.
– Білім күні құтты болсын! Алғашқы қоңырау – жаңа білім мен үлкен армандардың бастауы. Ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру баршамыздың басты міндетіміз. Мемлекет тарапынан білім саласына баса назар аударылуда. Оның жарқын көрінісіне бүгін осы ғимараттың жөнделуі нақты дәлел. Барынша жағдай жасалған оқу орнында оқушыларымыздың зейіні ашылып, білім теңізінде жетістікке жетсін! – деді мектеп басшысы.
Ғасырлық тарихы бар Т.Рысқұлов атындағы мектеп үшін биылғы Білім күні ерекше мәнге ие болды. Күрделі жөндеуден кейін ғимараты жарқырай жаңарып, жаңа оқу жылын жаңа келбетпен қарсы алды. Бұл мектептегі жалпы оқушы саны 1400 болса, ал 1-сыныпқа 120 бала қабылданды.
Құрметті қонақтар мектептің заманауи талаптарға сай жаңарған ішімен танысып, білім алушыларға жасалған қолайлы жағдайға оң бағаларын берді. Аудандағы тірек мектеп саналатын білім ұясы үшін биылғы оқу жылы – жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктердің бастауы боларына сенім мол.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы