Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Сайлау тәртібі түсіндірілді

Сайлау тәртібі түсіндірілді

37 қаралым

Қонаев қаласындағы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ғимаратында комиссия төрағасы Мейрамгүл Айтованың қатысуымен партия өкіл­деріне арналған жиын өтті. Басқосуда Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының ке­зектен тыс сайлауын ұйымдастыру мен өткізудің негізгі кезеңдері, кандидаттарды ұсыну және тіркеу тәртібі, сайлауалды үгіт жүргізу мерзімдері мен сайлау заңнамасының талаптары түсіндірілді.

Кездесу барысында алдағы сайлау науқанының күнтізбелік жоспары таныстырылды. Мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 2026 жылғы 14 қазаннан 27 қазанға дейін, яғни 14 күн бойы жүргізіледі. Кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-де аяқталады. Ал сайлауалды үгіт 1 қарашадан 28 қарашаға дейін жалғасып, жалпы 27 күнді қамтиды. 28 қараша – тыныштық күні, ал дауыс беру 29 қарашаға белгіленген. Жалпы сайлау науқанының ұзақтығы – 48 күн.
Жиында Мейрамгүл Қазыбекқызы қатысушыларға мәслихат депутаттарын сайлаудың құқықтық негіздері мен тәжірибелік қырларын түсіндірді. Бұл ретте кандидаттар мен саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарына, байқаушыларға және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сайлау рәсімін дұрыс түсіну, өз өкілеттіктері мен міндеттерін білу қажеттігінің маңыздылығы туралы айтты. Мұндай түсіндіру жұмыстары сайлау науқанының барлық кезеңінде заң талаптарының сақталуына, рәсімдердің ашық әрі жүйелі жүргізілуіне ықпал етеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мәслихат депутаттарын тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің халқы жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды. Жергілікті өкілді органдар азаматтардың мүддесін білдіріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелерді шешуге қатысады. Сондықтан депутаттыққа кандидаттарды ұсыну мен тіркеуден бастап, дауыс беру қорытындысын шығаруға дейінгі әрбір кезеңнің заң талаптарына сай өтуі ерекше мәнге ие.
Кездесуде мәслихат депутаттығына кандидаттарға қойылатын талаптар туралы да айтылды. Кандидат Қазақстан Республикасының азаматы әрі жиырма жасқа толған болуы керек. Дегенмен азаматтарға қатысты заңда белгіленген бірқатар шектеулер де бар. Атап айтқанда, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, соттылығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған адамдардың, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқықбұзушылық бойынша істі болған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ. Кандидаттарды ұсыну тәртібі сайлау жүйесінің ерекшеліктеріне байланысты жүзеге асырылады. Партиялық тізім бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға тиесілі. Ал бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша кандидаттарды саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, жарғысында тиісті өкілеттік көзделген жағдайда олардың құрылымдық бөлімшелері, сондай-ақ азаматтар өзін-өзі ұсына алады. Осы тәртіпті сақтау кандидаттарды тіркеу кезінде заңдылықты қамтамасыз етудің маңызды шарты болып саналады. Саяси науқан кезінде өңірде барлығы 899 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның ішінде 12 облыстық, 204 округтік және 583 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Комиссиялардың құрамында 5 827 мүше қызмет атқарады. Сонымен қатар облыс аумағында 683 сайлау учаскесі жұмыс істеп, сайлаушылардың дауыс беруіне жағдай жасайды. Аймақ бойынша сайлаушылардың жалпы саны 1 044 803 адамды құрайды. Жыл басынан бері сайлаушылар тізіміндегі азаматтар саны 14 532 адамға артқан. Облыс көлемінде барлығы 12 мәслихат бойынша 210 депутаттық мандат қарастырылған. Оның ішінде облыстық мәслихатта – 38, екі қалалық мәслихатта – 23, тоғыз аудандық мәслихатта 168 мандат көзделген.
Жиын соңында сайлау процесіне қатысушыларға заңнама талаптарын сақтау, өз міндеттерін жауапкершілікпен орындау және сайлауға қатысты ақпаратты дұрыс түсіндірудің маңызы жеткізілді.

Құралбек СӘБИТОВ

↑