Конституция – еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік дамуының маңызды бағыттарын айқындайтын басты құжат. Конституциядағы жаңашылдықтар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заң үстемдігін нығайтуға және қоғамдағы жауапкершілік пен өзара құрмет құндылықтарын арттыруға бағытталған деп есептеймін.
Білім саласының өкілі ретінде мен үшін Конституцияда жас ұрпақтың сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына және өз қабілетін еркін жүзеге асыруына жасалған жағдайлар ерекше маңызды. Себебі елдің ертеңі білімді, тәрбиелі, отансүйгіш ұрпақтың қолында.
Мектеп – тек білім беретін орын ғана емес, азаматтық жауапкершілік пен патриотизм қалыптасатын орта. Сондықтан Конституцияда бекітілген құндылықтарды оқушылардың бойына сіңіру, олардың құқықтары мен жауапкершілігін түсіндіру – біздің басты міндетіміздің бірі.
Жаңа Конституция елдегі тұрақтылық пен бірлікті нығайтып, әр азаматтың мемлекет дамуына өз үлесін қосуына мүмкіндік береді деп сенемін. Заңды құрметтеу, білімге ұмтылу, еңбекқорлық пен елжандылық – жаңа Қазақстанның жарқын болашағының кепілі.
Біздің мақсатымыз – Конституция талаптарын құрметтейтін, өз құқығы мен міндетін білетін, білімді әрі жауапты азамат тәрбиелеу. Бұл – мектеп ұжымы мен ата-аналар қауымының ортақ міндеті.
Салтанат РЫСБЕКҚЫЗЫ,
Райымбек батыр атындағы орта мектеп директоры
