Перейти к содержимому

Жеңіс жолына бастаған

47 қаралым

«Шынықсаң, шымыр боласың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашанда пайдалы. Жас ұрпақты салауатты өмір салтына бейімдеп, спортпен шұғылдануына септігін тигізіп келе жатқан мекеменің бірі – Кеген аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі.

Аталған мектептің іргетасы 2018 жылы қаланып, 2020 жылдың ақпан айында пайдалануға берілді. Мұнда оқушылар 8-10 жастан бастап қабылданады. Спорт мектебінде дзюдо, қазақ күресі, грек-рим күресі, бокс, тоғызқұмалақ, волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі секциялары және көкпар бөлімі жұмыс істейді. Бокспен шұғылдануға арналған ринг, балуандарға арналған бозкілем, татами, тағы басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар кең әрі шағын спорт залдары, киім ауыстыратын және жуыну бөлмелері орналасқан.
Спорт мектебінің директоры Бауыржан Таубалдыұлы – білікті бапкер. Қазақ күресінен әлем және Азия чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Қазіргі таңда мектепте спорттың 10 бағыты бойынша 1103 жасөспірім жаттығуда. Қарқара, Бөлексаз, Шырғанақ, Жалаңаш, Саты, Ұзынбұлақ, Ақсай, Тасашы және Тұйық ауылында филиалдары бар.
– Жыл басынан бері көптеген жарыс ұйымдастырылды. Нақтырақ айтқанда, грек-рим күресінен 2009-2013 жылы туған жасөспірімдер арасында облыстың ашық біріншілігі өтті. Шелек ауылында бокстан 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Ермұрат Қайыпжановтың жүлдесіне арналған республикалық турнирде, тоғызқұмалақтан облыстық чемпионатта, грек-рим күресінен Қонаев қаласының біріншілігінде, Қаскелең қаласында өткен облыстық үстел теннисінде, қазақ күресінен Павлодар қаласындағы Рымтай Ісбастыұлы атындағы республикалық турнирде, бокстан 2011-2012 жылы туған қыздар арасындағы облыстық чемпионатта спортшыларымыз бақ сынады. Талғар қаласында өткен облыстық чемпионатта көкпардан Кеген командасы I орын­ды жеңіп алды. Дзюдо күресінен Тама баба атындағы Алматы облысының ашық біріншілігі өз деңгейінде өтті. Алдағы уақытта да аудандық, облыстық жарыстар ұйымдастырылады, – деді спорт мектебінің директоры Бауыржан Таубалдыұлы.
Кеген аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығатын жасөспірімдердің жыл ішінде жеткен жетістігі бір төбе. Мәселен, қазақ күресінен 23 жасқа дейінгі жастар арасында Шұғыла Мақсатқызы чемпион атанса, бокстан Алматы облысының чемпионатында Медеубек Дінмұхамед топ жарды. Ақтөбеде өткен ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындарында грек-рим күресінен 45 келі салмақ дәрежесінде Ерсін Манасұлы қола жүлдеге ие болды. Талғар қаласындағы облыстық чемпионатта үстел теннисінен Берікбол Берік І орын, Берік Аруназ бен Лашын Ринатқызы ІІІ орын алды. Қазақ күресінен Ақтау қаласындағы республикалық чемпионатта Аян Бақытұлы, Қойшыбай Бағжан жүлдегер атанды. Дзюдодан Ақтау қаласындағы халықаралық турнирде Аян Бақытұлы ІІ орыннан көрінді. Грек-рим күресінен Талғар қаласындағы Анатолий Федеровичті еске алуға арналған республикалық турнирде Қаршыға Еркінұлы І орын алды. Қазақ күресінен Райымбек ауданында өткен Еркін Сайдақовқа арналған турнирде және дзюдодан «Beibarys Sultan» республикалық турнирінде Айтпанбет Ақжол қарсылас шақ келтірмеді.
Ұлттық спорт жанашыры, көкпардан облыстық жастар құрамасының аға жаттықтырушысы, қолкүресі мен ат спортының шебері Тобажан Жанарыс  баптаған көкпаршылар жасөспірімдер мен жастар арасында Алматы облысының чемпионы атанып үлгерді.
Кеген аудандық спорт мектебі әлі талай жасөспірімдерді баптап, олардың жеңіс тұғырынан көрінуіне өз үлесін қоса берітіні анық.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы

↑