Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында «Алатау салбұрыны – 2026» турнирі басталды

Алматы облысында «Алатау салбұрыны – 2026» турнирі басталды

74 қаралым

Алматы облысы Райымбек ауданының Сарыжаз ауылы Ұлы даланың бірегей мұрасын дәріптеушілердің басын қосқан мекенге айналды. Мұнда ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлер заманауи спорт қозғалысымен үндесті. Атап айтқанда, «Алатау салбұрыны – 2026» халықаралық құсбегілік турнирінің шымылдығы түрілді. Ауқымды шараға Қазақстанның 11 өңірінен келген құсбегілер, сондай-ақ Моңғолия, Қытай және Қырғызстан өкілдері қатысып, барлығы 76 құс бапталып әкелінді.

 «Асқар таулары мен бай тарихы бар Райымбек ауданы – қанатты аңшылардың сайысын өткізуге өте қолайлы мекен. Жастар осы өнерге қызығушылық танытып, балалар әкелері мен тәлімгерлерінің жолын жалғастырып жатқанда, құсбегіліктің болашағы бар. Біздің ортақ міндетіміз – баға жетпес мұраны көздің қарашығындай сақтап, оның өміршеңдігін қамтамасыз ету және Қазақстанның атын шетелдерге таныту», – деді турнирдің салтанатты ашылуында Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев.

Алматы облысында ондаған жылдар бойы құсбегілердің белгілі әулеттері қалыптасып, бүркіт пен сұңқар салып аң аулау дәстүрі сақталып келеді. Сонымен қатар осы бірегей өнерді жас ұрпаққа үйретуге, атадан балаға жалғасқан білім мен тәжірибені жеткізуге жағдай жасалуда. Бұл бағытта «Қыран» этноорталығының рөлі ерекше. Ал жыл сайынғы жарыстар мен ұлттық турнирлердің өткізілуі өңірдің Қазақстандағы құсбегілік өнерін дамыту орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайта түсуде.

«Мұндай іс-шаралар отандық және шетелдік қонақтардың өңірдің табиғи көрікті жерлеріне деген қызығушылығын арттырады. Алматы облысының туристік тартымдылығын қалыптастыруға, этномәдени және оқиғалы туризмді дамытуға, сондай-ақ халықаралық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді», – деп атап өтті облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жансерік Әдіахметов.

Турнир өтетін алаңның ұлттық нақышта безендірілуі мерекенің ерекше атмосферасын қалыптастырды. Мұнда дәстүрлі қазақ үйлері тігіліп, олардың бірінде тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Қонақтар мен қатысушылар көрмеден ұлттық тұрмыс бұйымдарымен және төл аңшылық мәдениетінің элементтерімен танысуға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ қонақтар мен жанкүйерлердің қызығушылығын қазақтың тазы тұқымды иттерінің көрсетілімдік сайыстары тудырды.

Жарыс барысында қатысушылар қанатты аңшылармен жұмыс істеу шеберлігін үш санат бойынша көрсетеді: бүркіт салу, қаршыға салу және ителгі салу. Әр санат құсты ерекше баптауды, адам мен құстың үйлесімді әрекетін, төзімділік пен кәсіби тәжірибені талап етеді.

«Алатау салбұрыны – 2026» турнирі төл мәдениетіміздің шынайы құндылығы оның сабақтастығында екенін тағы бір мәрте көрсетті. Айта кетейік, «Салбұрын» дәстүрі Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының ұлттық тізіміне 2013 жылы енгізілген. Ал 2026 жылы Қазақстан осы бағытта тағы бір маңызды қадам жасады: тазы иттермен және қыран құстармен аң аулау дәстүрлерін біріктіретін «Салбұрын» ұлттық фестивалі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізу жөніндегі бағалау органының оң ұсынымын алды. Түпкілікті шешім биылғы желтоқсан айында қабылданады деп күтілуде, – деді «Құсбегілік» республикалық федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекекызы.

Жарыстың алғашқы күнінің бағдарламасына аңшы құстардың іріктеу кезеңдері енгізілген. Атап айтқанда, бүркіттерді иесінің қолына шақыру, арнайы шырғаға салу, сондай-ақ қаршыға мен ителгіні қолға шақыру және көгершінге салу сайыстары өтеді.

7 қарашада тәжірибелік сайыстардың жартылай финалдық және финалдық кезеңдері өтіп, құсбегілер өз құстарының аңшылық қасиеттерін көрсетеді. Турнир қорытынды шығару және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталады.

Райымбек ауданы

↑