Перейти к содержимому

Жастарға жігер сыйлаған

146 қаралым

Инклюзивті спортты тек Қарасай ауданы ғана емес, Алматы облысында дамытуға зор үлес қосып жүрген айтулы азаматтардың бірі – Қаскелең қаласының тұрғыны Тәжіғали Ходжамуратов. Ол 2011 жылы «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясы» қоғамдық бірлестігін құрып, ерекше қажеттіліктері бар жастарды спортпен шұғылдануға белсенді түрде тарта бастады. Соның арқасында мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін өзгертіп, жаңа мақсат-мұраттарға ұмтыла бастады.

Кезінде Тәжіғали «Мүмкіндігі шектеулі жастарды қолжетімді спорт түрлерімен айналысуға тарту» жобасын әзірлеген. Оның бұл еңбегі республикалық «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобасы» байқауында екінші орынға ие болды. Бұл жобадан өмірлік ұстанымы «Спорт – баршаға және әркімге» деген қағидатқа негізделген Тәжіғали Абдижамилұлының тұлғасы айқын көрінеді.
Ол мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде жарақат алып, мүгедектікке тап болған. Алайда кейін жігерін жанып, алға қарай ұмтылу керектігін түсінді. Спортпен белсенді түрде айналыса бастады. Жүзу, пауэрлифтинг, волейболмен шұғылданды. Біртіндеп жетістіктерге жетіп, құрметті атақтарға ие болды. Бүгінде ол – Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы әрі жүлдегері, жүзуден спорт шеберлігіне кандидат, тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының спорт шебері.
Қарасай ауданында Тәжіғали Ходжамуратов «Қуат» мүгедектер қоғамдық бірлестігін басқарған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен қамтылуы мен білім алуына жағдай жасау мақсатында түрлі жобалар әзірледі. Ал «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясын құру арқылы ол ерекше қажеттіліктері бар жандарды, әсіресе жастарды спортқа деген сүйіспеншілікке баулуды мақсат етті.
– Мүгедек болудың не екенін өз басымнан өткеріп, талай қиындықты бастан кешкендіктен, ерекше қажеттіліктері бар басқа адамдарға барынша көмектесуге тырысамын, – дейді кейіпкеріміз. – Ең бастысы – адамның өз қайғысымен жалғыз қалмауы, рухының түспеуі. «Жігер-М» федерациясының құрылуына да осы себеп болды. «Жігер» сөзінің өзі қайраттандыру, рухтандыру деген мағынаны білдіреді. Бұл – адамға қолдау көрсетіп, оның сағын сындырмау үшін өте маңызды. Ал екінші жағынан, біз тек спортты насихаттаймыз, қалғанының бәрі адамның өзіне байланысты.
Бұл бастаманы қолдаған басқа да азаматтар табылды. Осылайша, ерекше қажеттіліктері бар көптеген жанның спортпен айналысуына нақты мүмкіндік туды. Айта кетерлігі, федерация жанында жаттығуды алғаш бастаған мүгедек спортшылардың саны шамамен 50 адам болса, қазір олардың қатары 300-ге жуықтады. Ең белсенді 80-ге жуық спортшы түрлі деңгейдегі жарыстарға тұрақты қатысып келеді. Арасында нағыз кәсіби, халықаралық деңгейдегі спортшылар да бар.
– Көзі көрмейтін азаматтарға да ерекше көңіл бөлінеді, – дейді Тәжіғали. – Олар үшін арнайы паралимпиадалық спорт түрі – голболды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өкінішке қарай көзі көрмейтін жастарды спортқа тартуға мүмкіндік беретін спорт түрлері бізде өте аз. «Жігер-М» федерациясы жанында жеңіл атлетика, жүзу, үстел теннисі, пауэрлифтинг, голбол, сондай-ақ үстел ойындары бойынша түрлі секциялар жұмыс істейді. Әр адамның жеке ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, оған лайықты спорт түрін таңдап береміз. Ең бастысы – қорықпау, алғашқы қадам жасау.
Сонымен қатар Тәжіғали – параармрестлингтен еңбек сіңірген жаттықтырушы және тоғызқұмалақтан спорт шебері.
Қарасайлық ерекше қажеттіліктері бар спортшылар үшін жыл сайын жарқын жеңістер мен лайықты марапаттарға толы. Атап айтқанда, «Үздік аудан», «Үздік армрестлинг» және басқа да номинациялар бойынша жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Мұндай жетістіктерге «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Тәжіғали Ходжамуратовтың қосқан үлесі зор.
– Біздің спортшыларымызға «Дельфин» спорт кешенінің иесі Алмас Жұмабеков айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді, – деп атап өтті Тәжіғали Абдижамилұлы. – Олардың осындай үлкен жетістіктерге жетуінде жүрегі кең, жомарт меценаттың да еңбегі бар. Сондай-ақ «LegenDA» инклюзивті жаттығу залдары желісінің негізін қалаушы әрі жетекшісі Александр Николаевич Легенчукке де алғысымызды білдіргіміз келеді. Осындай азаматтардың өмір жолымызда кездескеніне бәріміз қуаныштымыз. Олар ерекше қажеттіліктері бар көптеген спортшыға өздеріне сенуге, өмірден өз орнын табуға ғана емес, белгілі бір жетістіктерге жетуге де қолұшын созып келеді.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы

↑