Перейти к содержимому

Жат ағым — елге қауіп

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің қолдауымен Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелері Алматы облысына іссапармен келді. Шара мақсаты – жастарды экстремизмге қарсы тәрбиелеу, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерінде құқықтық және азаматтық жауапкершілік деңгейін арттыру, Қазақстан жастарын радикалды және деструктивті діни топтарға айналдыруға жол бермеу.
Облыста жалпы саны 20 іс-шара ұйымдастырылып, 400-ден астам адам қамтылды. Аталған іс-шараға «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті оқытушысы, PhD доктор Бауыржан Ботақараев, Жамбыл облысындағы Дін проблемаларын зерттеу орталығының бөлім басшысы, теолог Әбілқайыр Сабырұлы, дінтанушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Тұрсынғали Төреғалиұлы, басқа да дін мәселелері бойынша Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері қатысты.
Түсіндіру тобының мүшелері Алматы облысының Қарасай, Жамбыл, Талғар, Еңбекшіқазақ және Іле аудандарында болды. Олар жастар арасында «Шетелде діни білім алудың қауіптілігі», «Дәстүрлі құндылықтардың маңыздылығы», «Жат ағым – ұлтқа қауіп», «Деструктивті діни ағымдардың қоғамға тигізер кері әсері», «Жастар тәрбиесіндегі дін мен дәстүрдің рөлі» және басқа тақырыптарда дәріс өткізді.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында NEET санатындағы жастар, мектеп оқушылары, колледж студенттері, басқа да топтар қамтылды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ