Күні кеше ғана жайраңдап жүрген жас жеткіншек Шерзаттың кісі қолынан қаза болып, мына жалған дүниеден бақилық сапарға аттанғанына 40 күннің жүзі болыпты. Марқұмның 40 күндік асы қабыл болсын!
Аталған оқиғадан кейін оның қазасын сан-саққа жүгірткендер аз болмады. Марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып, үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Оның бұл әрекетін мен де құптаймын. Себебі елді дүрліктірудің қажеті жоқ.
«Ажал айла таптырмас» демекші, тура келген ажалға пенденің қолынан келер шара бар ма? Қимас жаннан айырылып, қабырғамыз қайысқанымен марқұмның пешенесіне жазылған тағдырын өзгеру адамзаттың қолынан келмейді. Рухына дұға бағыштағаннан басқа қолдан келер шара бар ма?
Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғау органдары қылмысты ашуға белсене кірісті. Ол жайлы ақпарат құралдарынан хабардар болып отырмыз. Құзырлы органдардың барлығын заң аясында шешетініне сенім білдіріп, сабыр сақтап, парасаттылық танытайық.
Жақан Ахаев,
еңбек ардагері,
Қонаев қаласы