Қарасай ауданында ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер, талай танымал әнге сөз жазып, жүректерге жол таба білген Серік Қалиевке арналған еске алу кеші өтті. Шара тақырыбы «Болашаққа хат» деп аталды. Аудан әкімдігі қолдау білдіріп, ақынның жақындары ұйытқы болған бұл кеште марқұмның туған-туысы, үзеңгілес достары, қызметтес әріптестері және шәкірттері бой көрсетті. Сондай-ақ Мәдениет үйінің фойесінде Серік Мақұлбекұлы қызмет еткен Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейі көрме ұйымдастырды. Онда ақынның шапаны, фотолары, тағы басқа жеке және қызметіне қатысты заттары көпшілікке таныстырылды.
Шығармашылық кештің шымылдығы «Қарасай жастары» театрының өнерімен түрілді. Әртістер ақын Серік Қалиевтің өмірінен сыр шертетін шағын қойылым қойып, бейнесін сомдап, өлеңдерін оқыды. Өнер тарланы жайлы ой қозғалғанда жылы лебіз бен ескірмейтін естеліктер айтылмауы мүмкін емес. Осы ретте алғашқы сөз кезегі Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекке берілді. Ол сахна төріне көтеріліп, алдымен өңір басшысы Жасұлан Тоққожаұлының ыстық ықыласын жеткізіп, ақын туралы пікір білдірді. «Бұл кеш – талантты ақын, жарқын тұлға, өнегелі ұстаз, Мәдениет қайраткері Серік Мақұлбекұлының шығармашылығына арналған құрмет пен тағзымның белгісі. Серік Мақұлбекұлы тек ақын ғана емес, қоғамдық қызметкер де болды. Ол «Хабар» және «Қазақстан» ұлттық телеарналарында авторлық бағдарламалар жүргізіп, мәдениетімізді насихаттауға зор үлес қосты. Мақал-мәтел жобасын ұйымдастырып, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға тырысты. Қарасай ауданындағы тарихи-өлкетану музейін басқарып, өңір тарихын сақтап, мәдениетін дамытуға үлкен еңбек сіңірді. Серік ағамыздың артында қалған мұрасы тек шығармашылығымен, өнерімен ғана шектелмейді. Оның өмірі мен еңбегі біздің жастарымызға рухани азық болып, ұлттық мәдениетімізді құрметтеуге үндейді», – деді Бексұлтан Ақылбекұлы. Одан кейін ақынның жары Пернегүл ханымға сахна төрінде құрмет көрсетіп, ізгі ілтипаттың белгісі ретінде камзол кигізіп, иығына орамал жапты.
Серік аға жайлы естеліктер легін Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Нұрғали Әшір де жалғап, ақындығы мен қызмет жолындағы еңбектерін айтты. Ары қарай кеш тізгінін ақын шәкірті Қуаныш Қолқа алып, еркін форматта жүргізді. Ол алдымен ұстазы жайлы тебіреніп, көзіне жас алып, ағасымен бірге өткерген жарқын сәттерінен сыр бөлісті.
Шарада Серік Мақұлбекұлының телевизия саласындағы еңбектері, кино әлеміндегі жетістіктері айтылып, Досымжан Таңатаров, Әйгерім Сабырханқызы, Жадыра Есжан, Айнұр Назарбекова, «Үшқоңыр» квартеті сияқты өнерпаздар ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады. Сонымен қатар еске алу кешінде Серік ағаның көзі тірісінде жүзеге асырған «Мақал-мәтел айтудан жарыс» жобасы, музейге басшылық еткен сәттері қалың көпшілікке таныстырылды. Одан кейін Қасқырбай Нарбатыров, Шорабек Айдаров, Асхат Ізтілеу сияқты ақын, үзеңгілес достары мен шәкірттері арнау оқыса, көрермендер арасында отты өлеңдерін жатқа айтқан жандар да табылды. Кешке қатысушылар ақынды еске алып, шарадан үлкен тебіреніспен тарқады.
Бұл еске алу кешінің тағы бір мақсаты ақынның өшпес туындыларын, өлеңдеріне жазылған әндерін, танымды да тағылымды әңгімелерін, мәдениет саласында атқарған қызметтері мен еңбектерін дәріптеу болса, тағы бірі «Мейірімді болайықшы, бауырлар!» атты кітабының тұсаукесері еді. Осы бір маңызды сәт шараның соңында орындалды. Бұл ретте белгілі журналист Талғат Айтбай, Қарасай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова сияқты бір топ азамат Серік Қалиев жайлы сөз сөйлеп, жаңа кітаптың тұсауын кесіп, көпшілікке таныстырды.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, сұлу сөздің иесі атанған Серік ағаның жырлары ұлт әдебиетінде ойып орнын алады деген сенімдеміз. Жыр-жауһарының жұлдызы атанған марқұмның отты өлеңдері, өнегелі мұрасы тұрғанда оның есімі ел жадынан өшпесі анық. Серік Мақұлбекұлы мінезімен көпке сыйлы болған азамат еді. Мезгілсіз өмірден өткеніне ешкім сенбеді. Оның қазасы қазақ руханиятына орны толмас қайғы әкелді. Естеріңізге сала кетейік, Серік Қалиев 62 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
Қарасай ауданы