Биыл – Алаш қайраткері, қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл. Айтулы тұлғаның мерейтойына орай Еңбекшіқазақ ауданы Өрікті ауылында орналасқан Б.Майлин атындағы орта мектепте республикалық конференция өтті.
«Бейімбет Майлиннің әдеби және мәдени мұрасы» атты ғылыми-практикалық конференцияға жазушының туысы, «Б.Майлин» қоғамдық қорының президенті Салтанат Мұстафина, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжахан Орда, ҚазҰПУ-дың докторанты Еркінбек Тұрғынов, облыстық әдістемелік орталықтың тәрбие әдіскері Исатай Сатаев, Талғар ауданындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің қызметкері Ұлболсын Керімбекова, «Еңбекшіқазақ» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов, ақын, Білім беру ісінің үздігі Камнұр Тәлімұлы, сонымен қатар Астана, Қостанай, Арқалық қалаларындағы Б.Майлин атындағы мектептердің өкілдері, білім саласының қызметкерлері қатысты.
Алаш арысы Бейімбет Майлиннің шығармашылығын зерттеу, жазушының әдеби мұрасын қазіргі заман талабына сай насихаттау мақсатында пікір алмасу, сондай-ақ оқушылардың шығармашылық белсенділігін арттырып, зерттеушілік қабілеттерін шыңдай отырып ғылымға баулуды көздеген конференция жұмысы жаңашылдығымен ерекшеленді.
«Living мұражай» жобасымен оқушылар қайраткер өміріне қатысты кейбір кезеңдерге жан бітіріп, қонақтарға қойылым ұсынса, «Театр» жобасында балалар жазушысының кең танылған «Шұғаның белгісі», «Раушан – коммунист», «Күлпаш» сынды шығармаларынан үзінді сахналап, көптің көңілінен шықты. Ал «Thematic» көрмесінде оқушылар мен мұғалімдер қаламгер шығармалары мен кейіпкерлерін қылқаламмен бейнеледі. Бұдан кейін жиналған көпшілік мектеп кітапханасы жанынан «Еркін оқу әлемі» жобасы бойынша жасақталған оқу кабинетінің ашылу салтанатына қатысты.
«Бейімбет – ұлт болмысының айнасы» мұражай жобасы да конференция қатысушыларына көп мағлұматтың қайнар көзі болды. Шағын мұражайда Салтанат Мұстафинаның, мектеп ұжымының жазушы жайында жинаған тың деректері, фотосуреттері мен шығармалары қойылған.
Пленарлық отырыста іс-шараның тізгінін ұстаған Камнұр Тәлімұлы ұлтқа қызмет етіп, қысқа ғұмырында соңынан мол мұра, сарқылмас қазына қалдырған нар тұлға Бейімбет Майлин жайлы ақпараттармен кеңінен таныстырып, конференцияның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты.
«Ағартушы, жазушы, драматург Бейімбет атамның рухына тағзым етіп, әрдайым осындай үлкен іс-шаралар өткізіп отыратын мектеп ұжымына, конференция қатысушыларына алғысымды айтамын. Апам Рәзия «Менің аяулы әкем тірі» деп отырушы еді. Сол сөздің растығына көзіміз жетті. Алаш арысының артында асыл қазынасы қалды», – деген Бейімбет Майлиннің Рәзия қызынан тараған жиеншары Салтанат Мұстафина: «Сонымен қатар осы мектепке бізді алғаш шақырған, атамыздың атындағы оқу орнының дамуына мол еңбек сіңірген, мұражайдың ашылуына, осынау үлкен жұмысқа бастамашы болған мектептің бұрынғы директоры, марқұм Айгүл Омарқызының әруағына басымды иемін», – деп құрметін білдірді.
Конференция барысында қайраткердің сан қырын сипаттайтын тақырыптарда баяндама жасалып, көпшіліктің ойы ортаға салынды. Сонымен қатар «Бейімбет тағылымы» кітабының тұсаукесері болды. «Алматы облысы білім басқармасы» ММ облыстық әдістемелік орталығының тәрбие әдіскері Исатай Сатаев басқарма атынан Алғыс хатпен тарих пәні мұғалімі Майгүл Тегінбаева мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қарлығаш Жұмаділованы марапаттады. Рахат ауылдық округі әкімінің орынбасары Дина Әскерқызы да үлкен іс-шара өткізіп, ұрпақ тәрбиесі мен білім саласына қосып отырған үлесі үшін мектеп ұжымын марапаттады.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы