Бүгінде білімге құштар, ізденімпаз, жаңашылдыққа жаны құмар талантты оқушылардың қатары көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Өйткені олар келешекте мемлекеттің гүлденуіне сүбелі үлес қосады. Елдің жарқын болашағы солардың қолында екені даусыз. Шығармашылығымен жоғары жетістіктерге жетіп, дарынымен дараланған, болашағынан зор үміт күттіретін талантты жастың бірі – Қонаев қаласындағы №3 орта орта мектептің 11 «Б» сынып оқушысы Қарақат Советхан.
Қарақат Ұланқызы 2007 жылы 19 қарашада Қонаев қаласында дүниеге келген. 2013 жылы №3 орта мектеп табалдырығын аттаған ол биыл осы білім ордасын тәмамдап, үлкен өмірге қадам басқалы отыр. Алғашқы ұстазы Ардақ Серікқазинаны әрдайым сағынышпен еске алады.
– 1-сыныпқа қабылданып, сарыауыз балапан секілді тұңғыш рет мектеп партасына отырған кезде екінші анамдай болып кеткен Ардақ апай қолыма қалам ұстатып, әріп үйретіп, хат танытты. Кітап оқуға баулып, қиын сәттерде қанаттандырып, әрбір жетістігіме қуанып, алға ұмтылуыма шабыт берді. Сауатымды ашып қана қоймай, еңбексүйгіштік пен ізгіліктің негізін қалады. Оң мен солымды ажыратуыма себепкер болды. Сондықтан Ардақ Серікқазина әрқашан жүрегімнің төрінен ерекше орын алады, – деген Қарақат алғашқы ұстазының сабырлы да салмақты үні, жүрекке жылы тиетін сөздері мен қамқорлығы ешқашан ұмытылмайтынын ерекше тебіреніспен жеткізді.
Қарақат бастауыш сыныптан бастап түрлі деңгейдегі білім бәйгелеріне қатысып, бағын сынап келеді. 2018 жылы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ұйымдастырылған «Өшпес ғұмыр – өміршең жыр» атты халықаралық байқауда 1-орынға ие болып, өзінің тұңғыш жетістігіне қол жеткізген. Содан бері поэзияға деген қызығушылығы арта түскен. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдық мерейтойына арналған «Дана халықтың дара перзенті» атты қалалық және облыстық жас ақындар мүшәйрасында бас жүлдені қанжығасына байлады.
Абай, Мұқағали, Әбіш және Мәшһүр Жүсіп оқуларында жүлделі орындардан көрінді. Жуырда қазақ тілі мен әдебиеті пәндік олимпиадасының мектепшілік, қалалық кезеңдерінен іркілмей өтіп, облыстық кезеңге жолдама алып, барша тілеулестерін тағы бір мәрте қуантып отыр.
Қарақаттың жетістікке жетуіне әдебиеттің парқын терең ұғындырған тәлімгері Дәния Қоспаеваның үлесі зор. Тағы бір ұстазы Аңса Есенқұлқызын оқушының жүрегіне нұр құйып, болашаққа сенім сыйлайтын асыл жанға балайды. Сонымен қатар мектеп директоры Мира Тоқтарханқызы тарапынан әрдайым көмек-қолдау көрсетілетініне ризашылығын білдірді.
– Анам Айнұр Құсайынқызын барлық жетістігімнің бастауы деп білемін. Айтқан ақыл-кеңесі мен төккен шексіз мейірімі әрқашан күш-қуат береді. Ең үлкен тірегім саналатын әкем Ұлан Ташмановты үлгі тұтамын. Сондықтан менің тырнақалды туындым әке туралы болды. Өлең – мен үшін жай ғана әуестік емес, өзімді табудың, жандүниемді түсінудің жолы. Ал қазақ тілі – халқымның рухы мен жүрек үні. Мақсатым – осы қасиетті тілді бүкіл әлемге паш етіп, оның байлығын, тереңдігін, шексіз сырын ашып, ұрпақ санасына сіңіру, – деген жас таланттың ұстаздарымен де бірауыз тілдескен едік.
– Қарақат – өте ұқыпты, ақылды, алған бетінен қайтпай, мақсатына жетуге талпынатын, ойы терең, уәдеге берік, жауапкершілігі жоғары оқушы. Оның есте сақтау қабілеті өте жоғары. Сол себепті кез келген өлеңді тез жаттап алады. Өзінің де ақындық қабілеті бар. Жас ақындардың байқауынан жүлделі орындарды иеленіп жүр. Болашағынан зор үміт күттіретін шәкірттерімнің бірі, – деп Дәния Қайыпбекқызы сүйікті шәкіртіне өз бағасын берді.
Қарақаттың арман-мақсатының орындалып, биік белестерді бағындырып, шығармашылық өрісі кеңейе беруіне біз де тілектестік білдіреміз.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы