-13 °c
Qonaev
Friday, May 9, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Тауық еті – табыс көзі

    28.01.2025
    in Барлық жаңалықтар
    Тауық еті – табыс көзі
    0
    SHARES
    5
    VIEWS

           Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты былтырғы Жолдауында Үкіметтің алдына 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15 пайызға жеткізу міндетін қойды. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында. Демек, алдағы төрт жылда орта бизнес өкілдері өндіріс көлемін екі есе арттыруы тиіс.

    Ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі саналатын азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етуде ауыл ша­руашылығындағы егін салу, мал өсірумен бірге, олардан алынатын өнімдерді өңдеп, қосымша құн салығы жоғары азық-түлік тауарларын шығаратын агроөнеркәсіптік саланың орны ерекше. Біздің бабаларымыз ежелден төрт түлік мал өсірудің мың түрлі тәсілдерін меңгере отырып, оларды тағам ретінде пайдалануға да аса мән берген. Осыған орай «Ас – адамның арқауы» деген маңызды тұжырым жасаған.
    Ал астың бір түрі – тез пісетін, пайдалы дәрумендерге бай, жегенге оңай және тез қорытылатын тауық еті. Оның үстіне мал етіне қарағанда анағұрлым арзан болғандықтан, көпшілікке қол­жетімді. Ең бастысы, ғалымдардың зерттеуінше, құрамында бірнеше құнды микроэлементтер болғандықтан, тауық еті адамның иммундық жүйесіне аса пайдалы. Айталық, пісірілген тауық етін тұрақты қолданатын адамдарға суық тию ықтималдығы аз және жүйке жүйесіне де жақсы әсер етеді. Әсіресе ұйқысыздықты, адамдарда уайым көп заманда күйзелісті реттеуге көп көмегін тигізеді, метаболизмді қалыпқа келтіреді, қандағы қант пен қан қысымын қалыпты жағдайда ұстайды. Оның құрамындағы глутамин болса, бұлшық ет массасын қалыптастыруға көмектесетін амин қышқылы. Жұмыртқаның да адам ағзасы үшін пайдасы мол. Оның құрамында 13 түрлі дәрумен бар, ақуыз, йод, фосфор, селен сияқты элементтер созылмалы аурулардың алдын алады.
    Талғар ауданында тауық өсірумен айналысатын негізгі кәсіпорынның бірі – «Алель Агро» компаниясының Нұра ауылдық округінің аумағындағы Өстемір ауылында орналасқан құс фабрикасы. Бұл компанияның негізі 1998 жылы қаланған. 2001 жылдан бастап кәсіпорын «Алель» сауда белгісімен құс етін шығара бастады. 2002 жылы ет бағытындағы құс фаб­рикаларында «Facco» жабдықтары орнатылып, 2007 жылдан бастап елі­мізде жылына 28 млн дана жұмыртқа өндіретін ірі инкубатордың құрылысы басталады да, 2008 жылы қаңтар айында компанияның атауы «Алель Агро» болып өзгереді. Сол жылы «Халал» сертификатын да алады. 2013 жылдан бройлер шөжелерінен тоңазытылған ет өндіруге өту баста­лады. Сөйтіп, 2014 жылы «Ameral Fresh» және «Tasty Chick» деп аталатын екі жаңа бренд шығарыла бастайды.
    Өндірісті дамыту мен жаңғырту бағытында жасалған еңбек өз жемісін берді. 2015 жылы компания өңдеу саласында «Қазақстанның ұлттық чем­пионы», ал 2016 жылы «Қазақстанда жасалған» тауар өндірушілер мен кәсіпкерлер қауымдастығының мүшесі атанды. 2023 жылы Жамбыл облысының Байзақ ауданында құны 4,4 млрд теңге тұратын құрама жем өндіретін зауыт іске қосылды.
    – «Алель Агро» кәсіпорны негізінен тоңазытылған және салқындатылған бройлер құс етін, үй жануарлары және құс етін өсіруге арналған дайын жем өнімдерін өндіріп, жылына нарыққа 60 мың тонна өнім шығарады. Өнімнің сапасы жоғары стандарттарға сай келеді және «Халал» сертификаты берілген. Компанияның өндірістік кәсіпорындарында құсты сою мен етті өңдеуге арналған автоматтандырылған желілерді қоса алғанда, заманауи құрал-жабдықтар, сондай-ақ буып-түю машиналары орнатылған. Компанияда ауылшаруашылық құстарының етін өңдеу және консервілеу, осы құстардың етінен басқа да өнімдер шығару, үй жануарлары үшін өнім дайындау және өнімдерді сату бойынша өндірістік бөлімшелер бар. Басты технологиялық буын – дайын өнім құс еті болып саналатын бройлерді өсіру цехы. Бройлерлік кәсіпорындардың қуаттылығы союға жіберілетін құс санымен анықталып, жылына 5-25 млн басты құрайды, – дейді компанияның өндірістік бөлімінің бастығы Нұрғали Тілеп.
    Ол сондай-ақ компания өндірісті кеңейтіп, өнім түрлерін де көбейтуді жоспарлап отырғанын айтты. Осы мақсатта жаңа цехтар құрылып, қазіргі істеп тұрғандары да жаңғыртылатын көрінеді. Қазіргі кезде «Алель Агрода» 1300-ден аса адам жұмыс істейді екен, жалақылары да салыстырмалы түрде жаман емес. Егер жоспар жүзеге асса, компанияның қуаттылығы кем дегенде 30 пайызға артып, тағы жүздеген жаңа жұмыс орны құрылады деген сөз. Бұл да – Мемлекет басшысы күнделікті талап етіп, назарда ұстап отырған мәселе.
    Ал біздің «Компанияның басты ұстанымы мен ұраны қандай?» деген сұрағымызға Нұрғали Тілеп:
    – «Алель Агроның» басты ұраны – «Әр күні дәмді де пайдалы тағам!». Сонымен бірге компания өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлерге әрдайым қамқорлық пен қолдау көрсету қажет деген ұстанымды басшылыққа алады. Осы мақсатта үнемі жаңа технологияларды іздеп, оларды өндіріске енгізуге, кәсіпорындарды сапалы импорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, өндірісті тиімді ұйымдастыруға ұмтылады, – деп жауап берді.
    Қарап отырсаңыз, ұстаным да, ұран да, өндірісті ұйымдастыру мен басқару да – заман талабына сай. Ендеше, бұл компания ел басшылығы алға қойған міндеттердің орындалуына өзіндік үлес қосатынына ешқандай күмән жоқ!

    Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

    Талғар ауданы

    Ұсынымдар

    Жоқшылық пен тоқшылық

    Жоқшылық пен тоқшылық

    1 year ago
    Жасыл желекке оранады

    Жасыл желекке оранады

    1 year ago
    Жағажай аумағы тазартылды

    Жағажай аумағы тазартылды

    1 month ago
    Аманаттықтар ерекше қажеттілігі бар балаларға инватакси сыйлады

    Аманаттықтар ерекше қажеттілігі бар балаларға инватакси сыйлады

    3 months ago
    8-10 шағын аудандардағы жол құрылысы қарқынды жүруде

    8-10 шағын аудандардағы жол құрылысы қарқынды жүруде

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>