Биыл жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды. Бұл бастама аймақтардың өндірістік және экономикалық әлеуетін арттыруды, жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін нығайтуды және кәсіби дағдыларды дамытуға ерекше назар аударуды көздейді. Алматы облысы өз ерекшелігімен және өндірістік әлеуетімен еліміздің дамуына үлкен үлес қосатын аймақтардың бірі болып саналады.
Алматы облысы – ауыл шаруашылығы, жеңіл және ауыр өнеркәсіп, сондай-ақ туризм салалары дамыған аймақ. Өңірдің географиялық орналасуы логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, облыс тұрғындарының көпшілігі ауылдық жерде тұрып, еңбек ресурстарының басым бөлігі аграрлық сала мен өндірістік кәсіпорындарға жұмылдырылған. Осыған орай, жұмысшы мамандықтарының дамуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына айтарлықтай ықпал етеді.
Облыста жұмысшы кәсіптерін дәріптеу шеңберінде ауқымды іс-шаралар белсенді түрде өткізілетін болады. Оның біріншісі – мамандық жәрмеңкелері. Мектеп оқушылары мен студенттерге арналған шеберлік сыныптары, кәсіпорындарға экскурсиялар ұйымдастыру да назардағы іс. Бұл шаралар жастардың мамандық таңдауға деген ықыласын арттырып, нақты өндіріс орындарының жұмысымен танысуға мүмкіндік береді.
Тағы бір игі шара – «Еңбек шебері» байқауы. Жас кәсіпкерлер мен шеберлерге арналған турнирлер мен салалық сайыстар ұйымдастырылады. Бұл шаралар жастарға өздерінің қабілеттерін көрсетуге, кәсіби дағдыларын дамытуға және жергілікті өндіріс саласына деген мақтаныш сезімін арттыруға бағытталған.
«Карьера күндері». Оқу орындарында түлектерге кәсіби кеңес беру, жұмыс берушілермен кездесу және тәжірибелік бағыттағы іс-шаралар ұйымдастыру істеріне осындай атау қойылды. Карьера күндері жастардың болашақ жұмыс бағытын анықтап, мамандық бойынша жұмысқа орналасуына ықпал етеді. Бұдан бөлек, біліктілікті арттыру бағдарламалары қолға алынған. Оқу орталықтары арқылы және жұмыс берушілердің жұмыс орындарында Мансап орталықтары арқылы оқытуға баса көңіл бөлінеді. Жұмыс іздеп жүрген, алайда біліктілігін жоғалтқан немесе жаңа дағдыға ие болғысы келетін адамдар аудандық Мансап орталықтарына жүгініп, қысқа мерзімді оқуға өтініш бере алады. Сондай-ақ Enbek.kz электрондық еңбек биржасы порталында онлайн оқыту бағдарламалары жұмыс істейді.
«Еңбек жолы» байқауы да жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге бағытталған. Мұнда облыстық «Еңбек жолы» конкурсы өткізіледі. Конкурс аясында «Өз ісінің шебері» сыйлығы табысталады, сондай-ақ жұмысшы кәсіптерінің өкілдері мен түрлі сала мамандарына құрметті атақтар беріледі. Бұл шара Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындыларын салтанатты түрде жариялауға арналған. Осылайша, жұмысшы мамандықтарын танымал ету экономикалық тұрақтылыққа ықпал етіп қана қоймай, жастардың сенімді түрде кәсіби дамуына жағдай жасай отырып, олардың әлеуетін ашуға мүмкіндіктер ашады. Алматы облысы осы бастама шеңберінде еңбек нарығында маңызды реформаларды іске асыруға дайын.
Меруерт ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ,
облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз хатшысы