Алатау қаласы «Заречный» шағынауданында орналасқан 3660 әскери бөлімінің жас сарбаздары әскери ант қабылдады. Әскери өмірге қадам басқан 253 сарбаз Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Жетісу облыстары мен Астана қаласынан шақырылған. Олар әскери бөлімде жасақталған оқу пунктінде екі ай көлемінде алғашқы дайындықтан өтті.
Салтанатты шараға әскери бөлімнің ардагерлері, жас сарбаздардың ата-аналары мен жақын туыстары қонақ ретінде қатысып, ұлдарының қолдарына қару алып, әскери өмірге нық қадам басып, елдің аманатын, Отанымыздың тыныштығын қорғайтын нағыз жауынгер болуына ант беру сәтінің куәсі болды.
Ант қабылдау рәсіміне арнайы келген 3660 әскери бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы майор Жандарбек Ысқақов: «Отанын сүю, елін қорғай білу, жауынгерлік әдіс-тәсілдерді меңгеру – жігітке тән қасиет. Бұл қасиеттер жалындаған жастардың бойынан табылуы тиіс. «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін!» деп Мағжан атамыз айтпақшы, жастардың Отан қорғауға келуі бізді қуантады. Жас сарбаздардың әскери қызметін абыроймен өтеулеріне тілекшімін», – деді.
Әскери бөлімнің командирі, подполковник Ерлік Оспанқұлов: «Жауынгер өмірінде бір рет қана ант береді. Бұл – жас жауынгерлер үшін ұмытылмайтын мереке. Әскери ант қабылдау – Отаныңа, халқыңа ақтық демің қалғанша адал қызмет ету, ел басына күн туғанда қиындыққа мойымау, қажет жерде жан қию деген сөз. Ант – адалдық рухы, халқымыз анттан аттағаның – ардан аттағаның деген. Артылған аманат пен жүктелген сенімді абыроймен атқарады деп өздеріңе сенеміз. Ұлттық ұлан қатарында қасиетті борыштарыңызды қырағылықпен, батылдықпен атқарып, аман-есен отбасыларыңа оралуларыңызға тілектеспін», – деген құттықтауын арнады.
Ант қабылдау рәсімінен кейін жас сарбаздардың алыс-жақыннан келген ата-аналары мен жақын туыстары бөлім басшыларымен сұхбаттасып, көкейкесті сұрақтарына жауап алды. Айта кетейік, әскери ант қабылдаған жас сарбаздар енді «Заречный» шағынауданында жауынгерлік қызмет атқаратын болады.
Әлия Абдығалиева,
«Заречный» шағынауданындағы 3660 әскери бөлімінің лейтенанты
Алатау қаласы