Перейти к содержимому
Главная страница » Михал Лабенда, дипломат: Қазақ пен поляк халықтарының тарихы ұқсас

Михал Лабенда, дипломат: Қазақ пен поляк халықтарының тарихы ұқсас

 

– Мен осы корпуста, екінші қа­баттағы шығыстану факуль­те­тінде бес жыл оқыдым, – деп бастады сөзін Польша Респуб­ли­касының Қазақстандағы өкі­летті елшісі Михал Лабенда. – Шын мәнінде қазақ пен поляк халықтарының арасында көп ұқсастық бар, тарихы да ұқсас. Біріншіден, біз де қазақтар сияқ­ты XV-XVII ғасырларда Еу­ропадағы ірі мемлекеттердің бірі болдық. XVIIІ ғасырдың аяғында Польша жері көрші үш мемлекеттің ықпалымен бө­лі­ніске ұшырап, геогра­фиялық ау­мағы кішірейді. Шығыс бөлігі Ресейге кетті, батыс бөлігі – Прус­сияға, ал оңтүстік бөлігі Австрияның құрамына кірді. Оның себебі неде? Поляктар қазақтар сияқты жүзге, руға бөлінбейді, бірақ біздегі әрбір магнат, бай адам алдымен мем­лекеттің мүддесін емес, жеке басының қамын ғана ой­лады. Соның салдарынан біз­дің жеріміз бөлініп, көрші мем­лекеттерге тәуелді бол­ды. Алай­да басып алған мем­ле­кет­терге қарсы наразылық кө­те­рілістер өте көп болды. Ме­нің­ше, бұл жағынан алған­да қа­зақ­тардың жағдайына ұқ­сайды.

Егер тарихқа үңілетін бол­сақ, осы уақыттарда поляк же­рінде ірілі-ұсақты көтерілістер жиі орын алды. Сол кездерде бас көтерер ең ұлтжанды, хал­қы­ның қамын ойлаған зиялы адамдардың қатары қатты сиреп, жоқ болып кетті деуге болады. Дегенмен бостан­дық­қа ұмтылған елдің сана-сезімі оянып, зиялы қауым жас ұр­пақ­қа өз тілінде білім беру, ғы­лымға үйрету, ұлттық рухта тәр­биелеу жұмыстарын бас­тады. Ондай қозғалыстар ХХ ғасырдың басында Қазақ­стан­да да болды. Мысалы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулат, Ахмет Байтұрсын, Мағжан Жұ­ма­бай, Шәкәрім сияқты көзі ашық ұлтжанды азаматтар қол­дарына қару алып күреске шыққан жоқ, бірақ келесі ұрпаққа идеологиялық тәрбие беріп, ұлттық сананы қалып­тас­тыру бағытында жұмыс істеген. Польшада да сондай қозғалыстар басталып, халық­тың бір ортаға жиылуының ар­қа­сында XX ғасырдың басында Польша тәуелсіздік алды, ұлттың рухы көтерілді. Осы­лай­ша поляктар ұлттық рухын, ана тілін, ұлттық сипатын сақ­тап қалды, өйткені біздің зиялы азаматтар бұл бағытта қатты жұмыс істеген.

Қазақта «Тіл тағдыры – ел тағ­дыры» деген аталы сөз бар. Сол сияқты XІX ғасырдағы поляк әдебиеті біз үшін өте маңызды болып саналады. Ол заманда поляктарға, бір жа­ғы­нан, орыс тілі, екінші жағынан, неміс тілдері кірді. Алайда біздің ақын-жазушыларымыз сол кезде өз шығармаларын тек поляк тілінде жазған. Әри­не, поляк тілі әлемдік танымал тілдерге жатпайды. Олар орыс немесе неміс тілінде жазса оқырмандары көп болар еді. Соған қарамастан, поляк ақын-жазушылары өз тілдеріне қат­ты мән берді. Тарихта орыс ті­лінде жазған Конрад деген бір ғана жазушы бар, ол кейін­нен Лондонға қашып кетіп, ағыл­шынша жазды. Одан бас­қа, бізді жаулап алушылардың тілінде бірде-бір поляк жазу­шы­сы кітаптарын жариялаған емес. Осыған қарап бодандық тұсында ана тілі поляк халқы үшін өте қадірлі болғанын кө­реміз. Ол заманда Ресей және Пруссия билігі Польша мек­теп­терінде, университеттерінде по­ляк тілінде оқуға тыйым сал­ған. 1901 жылы Вжесня деген қалада 12-14 жастағы мектеп оқушылары неміс тілінде оқуға қарсы болып ереуілге шықты. Пруссия билігі ереуілді бас­та­ған­дарға дүре соғып жазалап, ата-аналарын түрмеге қамады. Осыдан кейін наразылық бүкіл елге тарады, 70-75 мыңдай оқу­шы ереуілге шыққан. Поляк халқы ана тілін сақтап қалу үшін осылай күресті.

Менің замандастарым 7-сы­ныптан бастап аптасына екі рет орыс тілін оқыды. Поляк тілі орыс тіліне жақын, мен Қа­зақ­станға келердің алдында сегіз жыл орыс тілін оқығанмын, бі­рақ қазақшаға қарағанда орыс­шам шамалы. Себебі орыс тілін мәжбүрлеп оқыт­қан­дықтан, біз­де оны ешкімнің оқығысы кел­мейтін. Осы уақытқа дейін неміс, ағылшын тілдерін өз таңдауым болғандықтан, жеңіл игердім. Ал қазақ тілі – мен үшін үлкен маңызы бар тарихи тіл, ол әлемдегі ең бай тіл­дер­дің қатарында тұр. Уни­вер­ситетті бітіргеннен кейін арада 23 жыл өтсе де, қазақтармен емін-еркін сөйлесіп, етене араласып кеттім. Қазақтың мақал-мәтелдері өте нақты және ауқымды ұғымдарды бе­ре алады. Жақында «Қызым, са­ған айтам, келінім, сен тың­да» деген тағы бір мағыналы мақалды естідім. Әлі де үйрене түскім келеді. Қазақша қандай кітаптарды оқуға кеңес берер едіңіздер?» – деп студенттерге күтпеген сұрақ қойды дип­ло­мат сөзінің аяғында.

Қазақстан мен Польша ара­сындағы саясат, экономика, білім және мәдениет салала­рын­дағы қарым-қатынастың қазіргі жай-күйіне тоқталған дипломат бұл байланыстарды одан әрі кеңейтудің маңыз­ды­лығын атап өтті. Кездесу ба­рысында студенттер Поль­ша­ның саясаты мен эко­но­микасына ғана емес, сонымен қатар Польшадағы студенттік өмір, білім беру жүйесі, та­ғы­лымдамадан өту және ака­де­мия­лық алмасу мүмкіндіктері сияқты мәселелерді қамтитын сұрақтар қойып, тұшымды жа­уап алды.

Қайыржан ТӨРЕЖАН