Перейти к содержимому
Главная страница » ЖҮРЕГІ ЖЫРДАН ЖАРАЛҒАН

ЖҮРЕГІ ЖЫРДАН ЖАРАЛҒАН

        «Тұмаш өлеңдерінің ішкі музыкасы басқаша болғандықтан ба, бұған дейін бес жүзден астам өлеңіне ән жазылды. Қазақ ақындарында ондай көлемде әнге айналған поэзия бар ма, жоқ па, оны білмедім. Осы жағынан келгенде, оның поэзиясы өзгеше өміршең», – деп Тұманбай өлеңдеріне әдебиетші-ғалым Тұрсынбек Кәкішев баға берген екен. Егер сөзі мәнді болмаса, әуеннің жүрекке жетпейтіні анық. Ал Тұмағаңның сөзіне жазылған әндер рухыңды көтеріп, жаныңды тербейді.

Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауы­лын­дағы А.Розыбақиев атын­дағы мектеп­тің мәжіліс залында Қазақстанның Халық жазушысы, Мем­лекет­тік және Физули атындағы халықара­лық сыйлықтардың лауреаты Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдық мерейтойына орай «Жүрегі жырдан жаралған» атты әдеби-сазды кеш өтті. Жиналған көпшілік ақын сөзіне жазылған даңқты композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтып бара­ды» әнін «Мұзарт» тобы шыр­қаған бейне­баяннан тебірене тыңдады.
Кеште қаламгердің көзін көр­ген жерлестері – құрметті қария­лар Елеусіз Сұлтанғазиев, Әбілбек Айтақынов және Нұрлан Мұхаметқалиев ақынның адамгер­шілік қасиеттерін тілге тиек етті. Ал ауылдық аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Үмекова талант иесі жайлы кеңінен сөз қозғап, әннен шашу шашып, көп­шіліктің көңілін бір көтеріп тастады.
Шелек ауылдық округі әкімінің орын­басары Ертай Құрманбаев ұйым­дас­тырушыларға алғыс біл­дірсе, мектеп­тегі аналар ұйымы­ның төрайымы Банигүл Палтиева қабыр­ғалы қаламгердің халықтар достығын паш еткен «Ұйғырлар» атты өлеңін оқып берді. Одан кейін сөз алған мектеп директоры Чимангүл Амилова: «Тұманбай Молдағалиевтің шығар­машылығы қазақ әдебиетінің баға жетпес мұрасы болып саналады. Біз бүгін ақын жырларынан, ұлағатты сөздерінен тағылым алып, есімін қайта жаңғырту мақсатында жиналып отырмыз», – деді.
Кеш соңында мектеп оқушылары өлең­дері мен сөзіне жазылған әндерді нақышына келтіре орындап, қаламгер рухын асқақтатты.

Анарбек БЕРДІБАЕВ
Шелек ауылы, Еңбекшіқазақ ауданы