Мұхаңа – Мұхтар Мағауинге байланысты қаламгерді елге шақырудың уақыты келгенін айтып, Президентке хат жолдау көптен бері ойымда жүріп еді. Биыл туған күні қарсаңында ұсыныс-тілегімді қағазға түсіруге ниеттенгенде Мұхаңның кенеттен дүние салғаны ойымды ойрандап, Президентке ұсыныс хат жазылмай қалды. Оның орнына Алла-тағала қаһарман қаламгер жайында естелік жазуды қош көргендей.
Танысу
Неге екенін өзімде білмеймін, мені Алла-тағала таңғажайып құбылыстар мен оқиғаларға, тылсым өмір көріністеріне, жаратылысы ерекше жандарға кездестіреді де жүреді. Сондай бір таңғажайып кездесу, жүздесу, білісу Мұхтар Мағауинмен болды. 1996 жылы, Ұлыстың ұлы күні – 22 наурызда Мұхаң: «Ал, Ораз, «Жұлдызға» жұмысқа қабылдандың», – деп менің өтінішіме қуана қол қойды. Құдайдың құдіреті, Жазушылар одағында Наурыз мерекесінің қызған кезі еді. Дастарханда Нұрлан Оразалин және Мұхаңның өзі сөйледі. Мені одақ ұжымына таныстырды.
Бата
Атақты «Жұлдызда», оның даңқты басшысы Мұхтар Мағауиннің қарамағында шығармашылықпен айналысуды Алла-тағала осы күні нәсіп еткен екен. Яғни күн мен айдың теңелетін ерекше күні. Өзім де жақсы ырымға жорып едім. Басылымға келмей тұрғанда Шоқан жайында жазғандарым жарияланып, жігіттерден жақсы баға алғанмын. Мұнда қызметке келген соң бұрын айтылмаған Америкадағы қазақтар туралы жазғандарым жарияланды. Мұхаңның тікелей тапсырмасы бойынша Қонаевтың үйінде қонақ болған Халифа Алтаймен сұхбаттасқан «Жат уағыздың уы» атты сұхбатым кезекті нөмірге кетті. Жетісу патша генералы Г.Колпаковскиймен он жыл соғысатын Тазабек батыр, би туралы жазғаным Мұхаңа қатты ұнады. Тарихшы ғой. Бұл да жарық көрді. Бірде Мұхаңа Димекеңнің еш жерде жарияланбаған аңшылық кезінде түскен суретін көрсеттім. Таңғалып, жазғаныңмен бірге кетсін деп нөмірге салып жіберді. Түйсігі күшті Мұхаң оқымаса да, менің қалай, қандай тақырыпта жазып жүргенімді білетін. Бірде лездемеде: «Ораз Қонаев туралы жақсы жазып жүр», – деп айтқаны әлі есімнен кетпейді. Бейне маған батасын бергендей.
Сантас
Тоқсаныншы жылдардың соңы. Алматының бір алтын күзі шуақ шашып тұрған. Мұхаң кабинетіме кірді. «Ораз, сенің еліңде, қырғыз шекарасында Сантас атты асу бар. Есім ханның жоңғарларды тас-талқан етіп жеңіп, сонда жеңіс туын көтерген. Сол тарихи орынды көруім керек», – деді. «Өте жақсы, Мұха, апарамын», – дедім. Көп өтпей, жолға шықтық. Райымбек даңғылынан таксиге отырып, Кегенге тарттық. Бір кезде Райымбек батырдың қалмақтармен соғысатын Көкпекті жазығына өткен соң кішкене төбеге шығып, жайғастық. Мұхаң жеңгеміз пакетке салған қазы-қарта, жал-жаяны шығарды. Кеңестік дәуірде ақын, жазушылардың арақ ішу салты әбден қанға сіңген қасиет еді. Суша сіміретін. Мұхаң, мен ішпейтін адам едік. Ол кісінің ішімдікке жоламағаны мені қайран қалдыратын.
Әулие Түменбай
Кеш бата аудандық әкімшілікке келдік. Бәрі күтіп отыр екен. Мұхаңды құшақ жая қарсы алды. Бүгін әулие Түменбай бұлағындағы ауылда демалатынымызды айтты. Әкімшілік өкілі Нұрбатыр Орынбаев бізбен бірге жүрді.
Қой сойылған. Мұхаңа бас тартылды. Үй иесі бір кейуана екен. Құрақ ұшып күтті. Үйде әр жылдары шыққан Мұхаңның біраз кітабы бар екен. Қолтаңба жаздырып алып жатты. Жазушының бақыты оқырмандарында ғой. Қазақтың әр үйінде тарихи кітаптары тізіліп тұратын Мұхаң халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген қаламгер еді.
Отырыс барысында Саурық батырдың атасы Түменбайдың әулиелік қасиеті жөнінде, атақты Алпар, Тұлпар туралы әңгіме жалғасты. Мұхаң ынта қоя тыңдады. «Мені мұнда әулие аруағы айдап келген екен ғой», – деді бір кезде Мұхаң. «Әулиелер ғана емес, мені қазақтың күллі хандары мен батырларының аруағы жетелеп жүреді және жаздырады», – деді соңында.
Түннің бір уағында жатын бөлмеде жатқан Мұхаң оянып: «Ораз, менде қан қысымы бар. Мынау – қысымды өлшейтін құрылғы, ұстай тұр», – деп орнынан тұрды. Құрылғыны өзімен бірге алып жүреді екен. Менің де қан қысымым өте жоғарыны көрсететін. Өлшегенде екеуміздікі бірдей болды. Аз-кем демалып, тыныстаған соң қан қысымы төмендеді. Таулы өңірде оттегі аз болғандықтан көтерілген ғой. Күй таңдамай, малшы үйіне қонған Мұхаңның қарапайымдылығы мен сабырлылығы тәнті етті.
Үйсінтау
Кереге таулар қоршаған Кеген өңірі таңғажайып тау тізбектерінен тұрады. Мұхаң қонған жер – Үйсінтау сілемдерінің бірі Сарытаудың бөктері. Қарқара өңіріне келген жиһангез Шоқан Үйсінтауды Кеусентау деп жазған. Басы Сарытаудан басталып, соңы сонау Құлжаға дейін созылып жатқан тау екі ел – Қытай мен Қазақстанның ортасында жатыр. Ежелгі Үйсін мемлекетінің атын күні бүгінге жаңғыртып тұрғаны бір ғажап тау! Оңтүстігінде Сарытау, күншығысында Мыңжылқы, күнбатысында Қулық тауы қоршап жатқан кең жазық ежелден Қарқара аталады. Бұл Шоқан дәл сызған картада айна-қатесіз тұр. Ұлы жазық кейін қоныстануға байланысты жайлау, қыстау болып әртүрлі аталып кетті. Мыңжылқы етегіндегі жазық қана қазір Қарқара деген атқа ие. Қырғыздың екі мың жылдық тарихы бар Манас жырында Қарқара жиі айтылады. Аңыз бойынша, Қарқара – жер бетінен жойылып кеткен қасиетті құстың аты.
Осындай таңғажайып Тәңір-табиғат, қарлы шың, көк жайлау, мөлдір сулы өлкеге алғаш келген Мұхаң қатты әсерленді. Ұлан-ғайыр қазақ жерін түгін қалдырмай аралаған Абылай хан Қарқара өңіріне де келіп, Көктөбе атты төбенің басына шығып, батырлармен кеңескен екен. Бұл деректі тұңғыш естіген мен Мұхаңның қазақ тарихында теңдесі жоқ сұңғыла екеніне көзім жетті. Абылай ханнан кейін атақтылардың арасында Көктөбеге көзі тірі Мұхаңның өзі шықты. Бұдан ширек ғасыр бұрын! Шырғанақ ауылындағы кездесуден кейін Мұхаң осы ауылдағы тарихи өңір – Көктөбеге келді. Биік төбенің басына шығып, Көк Тәңірімен тілдесті. Өйткені көкке қарап, тауларға тәнті болып, күбірлеп бір тылсым әлемде жүрді. Абылай хан туралы толғанды. Бұқар жыраудың Абылай хан жырын жатқа айтты. Әсіресе Үш Қарқара, Көктөбеден қалмақтардың қалай қуылғаны жөніндегі Мұхаңның жыр шумақтарын табан астында жаттап алдым. Мұхаңда аруақтармен ой арқылы үнін сыртқа шығармай тілдесетін қасиет болды. Көктөбеде Көк Тәңірі нұрын жұтып, Құдай қуат-күш берген Мұхаң ерекше көңіл-күйде болды. Абылай ханнан кейін Есім хан жөнінде біз бұрын-соңды естімеген түпсіз тарихты қозғады.
Көктөбеге көлбеу қарсы жатқан биік қырқаның ар жағында Есім хан ес жиғызбай, қалмақтарды қынадай қырған Сантас атты асу бар. Қырғыздың Түп ауданына қарайды. Мұхаңның о бастағы жоспары ерекше қанды шайқас болған жер Сантасты көру еді. Сол кездегі жол қатынасы үзілгендіктен онда бара алмады. Көктөбенің басында тұрып, Сантас жақтың тау қырқаларын көзбен шолды. Тарих оқиғалары өткен жерлерді көзбен көріп, аяғымен басып, ақылымен зерделейтін Мұхаң шынында кемеңгер, ғұламаның өзі еді!
Шоқан мен Тоқан
Ежелгі Қарқара, қазіргі Кеген өңірі аталатын өлкеде емдік қасиеті әлемге әйгілі шырғанақ өсімдігі өседі. Сондықтан бұрын өңір Шырғанақты атанған. Шоқанның 1856 жылғы «Ыстықкөл сапары» күнделігінде табиғаты, жер-су ерекшелігі айтылады. «Он тоғызыншы мамырда Шырғанақ өзені бойында түнедік» деген жолдар бар жазбасында.
Шырғанақ, Талды, Үш Меркіде Шоқанның табан ізі сайрап жатыр. Әлмерекұлы Тоқан ата ұрпақтарының ежелгі атажұрты. 1865 жылы осы өңірде бір-екі күн болып, демалады, аң атады. Ең ғажайыбы сол, Үш Меркінің айнытпай суретін салады. Таңдамалы жинағында бар. Тоқан ата ұрпақтарымен кездескен де болар. Өйткені Шоқанға жол көрсеткен Абайдың әкесі Құнанбаймен 1846 жылы Жетісуда билер кеңесінде кездескен Қашаған би Тоқандарға туыс болып келеді. Екеуі де – Әлмеректің ұрпағы.
Шырғанақ ауылындағы мектеп ұстаздары жазушы Мұхтар келеді деп дайындалды. Мектепте жақсы кездесу өтті. Баспасөзге жазылу науқаны болатын. Мұхаң «Жұлдыз» журналы жөнінде сөйледі. Мектепте Қазақстанда жоқ құнды деректерге толы, табиғат көріністері таңғажайып музейді аралап, ел, жер тарихымен танысты. Мұхаңнан бұрын бұл өңірге он алтыншы жылғы Албан көтерілісін жазу үшін 1927 жылдары Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Серке Қожамқұлов, тағы да басқа атақтылар келген. Ол кезде аудан басшысы Ораз Жандосов болатын. Музейде бұлар жайында деректер жеткілікті еді. Қаламгер бұған қуанды.
Мектеп кітапханасында жазушы кітаптары бұрыннан толып тұратын. Жаңадан шыққандары да бар екен. Өкініштісі, асығыс болғандықтан мұнда көп аялдамады. Қарқараға қарай бет түзеді.
Сақ обалары
1988 жылы Қулық тауының етегіндегі Жалаулы ауылынан Сақ дәуірінде жасалған алтын әшекей, аң-құс мүсіндері кездейсоқ табылып, тарихи олжа жөнінде хабар әлемге тарады. Мұхаң бұл тарихи құнды заттар жөнінде естіген. Уақыттың тығыздығына байланысты Жалаулыға бара алмады. Сақтардың нағыз патшалары жатқан Қарқарадағы оба тізбектерін көрді. Көк түріктер дәуіріндегі ойма жазуы бар балбал тасты ұстап, тізерлеп отырып тағзым етті. О баста Айттөбе, кейін Ереуілтөбе атанған оба қорғанды айналып, төңірегін түгел көріп, тұңғиық ойға кетті. Он алтыншы жылғы Албан көтерілісі басталып, халық алдымен ереуілге шыққан жер кейін Ереуілтөбе аталып кеткен еді. Айтпақшы, қанды Қарқара жәрмеңкесі де осы маңда болған. Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» кітабын оқыған Мұхаң Албан көтерілісі туралы терең біледі екен. Сөз арасында мұны айтып жүрді.
Қарқараға келіп, ел мен жерді көрген, шежіре шертіп, батырлар мен хандардың аруағын аунатқан абыз ағаны тұрғындар ерекше сыйлады. Қарқара жазығындағы бір үйде қонақасы дәмін татты. Үйде «Жұлдыз» журналы бар екен. Жайлаудағы сарыкүйіктің сары қымызы қанғанша ішілді. Балбырап піскен қойдың етін жақсы жеді. Бас ұстап, бата берді.
Тәңір тылсымы
Мұхаң еңбектерінде ежелгі тәңірлік діннің кие, қасиеттері жиі айтылады. Бір эссе-толғауында Ислам діні Тәңірлік діннің жаңаша жаңғыруы деп ой түйеді. Атам қазақ ежелден «Көкте Құдай, Тәңір жарылқасын, Жаратқан ие жар болсын» дейді. Құранда да, Інжілде де бір Құдайға мінәжат ету парыз етіледі.
Қарқара өңірінде ежелгі Тәңірге табынудың белгілері мен нышандары күні бүгінге дейін көзге ұрып тұр. Әлемге әйгілі Тәңіртау-Хантәңірі осы өлкеде мәңгі тұрғаны елге белгілі. Кереге таулардың әр шыңында Тәңір нұры сәуле шашады. Қазақ жерінің тау-тасының, өзен -көлінің қасиетіне қанық Мұхаң бір тылсым тебіреністе Тәңір-табиғат аясында қыдырғаны ғажап болды.
«Күннен туған ғұнмын» деп Мұхаңның сүйікті ақыны Мағжан айтқандай, күн еңкейген бесін кезінде Манас жырында аты басқаша айтылатын, жергілікті халық Жуантөбе дейтін төбеге Мұхаң көтерілді. Мөлдір көк аспанға қарап, Жер-Ана үстінде, төбе басында Мұхаң тебірене сөйледі. Бұл оба қорғанда атақты Сақ патшаларының бірі жерленгенін айтты. «Кезінде бұдан да биік болған. Уақыт өте шөккен. Отаршылар моланы тонап, алтын-күмістерін алып кеткен. Өздерін саяхатшымыз деп алдап, моладан алтын іздейтін арнайы топтар болған Ресейдің кезінде», – деп Мұхаң мұңайғандай болды. Төбенің төменгі жағындағы бір ойықты нұсқап: «Міне, мынау соның белгісі», – деді. Мұхаң қаламгер ғана емес, мықты археолог екен.
Төбе басында аруақтар меңзеді ме, Мұхаң Тәңір иемен бір тылсым байланысқа түскендей болды. «Мені хандардың аруағы айдап жүреді» деп айтқаны бар. Төбе басында Әлмерек абызша өткеннің шындығын айтқаны өз алдына, шашылып жатқан майда тастарды теріп, алақанына салып, күбірлеп сөйлеп, бізден оңаша кетті. Мен жақындамай, Тәңір-рухқа тәу етіп жүргенін сездім. Күн батып бара жатқан ақшам, намаздыгердің кезі еді.
Кеш бата Кегенге келдік. Кеген деген сөз түркі-монғол тілінде тәңірлік діннің, қазіргі тілмен айтқанда, әулие абызы. Мұнда да оба қорғандар болған. Құрылыстың жүруіне байланысты жермен-жексен болып кеткен. Ертеректе бір обаны қазғанда біраз алтын-күміс шыққан. Өкініштісі, қазынаның табылғаны жөнінде тиісті орындарға айтылмай, қолды болған. Мұхаңа жол-жөнекей мұны да айттым. «Асты алтын, үсті күміс қазақ даласына жер бетінде жер жоқ қой», – деді Мұхаң.
Кешкі ас-дәм Кегендегі бір ұстаздың үйінде жалғасты. Тағы да Мұхаңның алдынан кітаптары шықты. «Аласапыран», «Қобыз сарыны», «Көк мұнар» кітаптарын сөреден алған үй иесіне автор қолтаңба жазып беріп жатты. Берген батасы өз алдына.
Ақиқат
Кеш қарая Кегеннен Алматыға қарай бет алдық. Қараңғы түскен шақ. Мұхаң тоқтаусыз шежіре шертіп, қазақ тарихын қопарып, тоқтаусыз айтып келеді. Кеген мен Алматының арасы ол уақытта бес-алты сағаттық жол. Ойпырмай, бір тынбай сөйлеп, алты сағат көлік ішінде іш пыстырмай, аңыз-әңгіме, хикая, өнеге-өсиет, ақыл-кеңес айтқан мұндай ғұлама қазір жоқ шығар. Қарқара – Сантас – Көктөбе сапары қаламгердің есінде ерекше сақталып қалды. Мұны бір көңілді отырыста айтты. «Кітап кейіпкерім – Ораз-Мұхамед, қызметкерім – Ораз Әлмерек» деп бірде әзілдегені бар Әз Тәуке хан тұсында Албан елінің биі болған Әлмерек туралы кітабым шыққанда.
Бәлен мың жыл бұрын адамзаттың шыққан Жер-Тәңірі Алтайдан ауып, Американы атажұрт еткен үндіс-түркілердің тарихын Мұхаң жақсы біледі. Теңдесі жоқ Тәңіртау-Хантәңірі,Үйсінтау өңірінде болған Мұхаң араға біраз жыл салып, монғол-үндіс-түркілердің ежелгі атажұрты Америкадан бір-ақ шықты. Әлемге аты әйгілі Шыңғыс хан атасын жазды. Сол жерде мәңгілік тыныс тапты.
Ораз ҚАУҒАБАЙ,
жазушы