Шелек политехникалық колледжінде Халық қаһарманы, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, жазушы Сәуле Досжан, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері, полковник Қараби Мұхамбетқалиевтің қатысуымен тағылымды кездесу өтті.
Шараны колледж директоры Қуат Дүйсебаев ашып, құрметті қонақтарды таныстырды. Бұл шара облысқа танымал әскери ұстаз Әсет Көшербайұлының ұйытқы болуымен өтіп отырғанын айтып, бұған дейін де колледжде осындай маңызы зор кездесулер ұйымдастырылып, оған республикаға белгілі ұстаз, Еңбек Ері Аягүл Миразова, көп жыл Парламент Мәжілісінің депутаты болған «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл қатысқанын жеткізді.
Кездесуде сөз алған Сәт Тоқпақбаев студенттермен емен-жарқын әңгімелесіп, Алматы облысының Іле ауданы КазЦИК ауылында туып-өскенін, ата-анасының ұжымшарда қарапайым жұмысшы болғанын, мектеп бітіре салысымен жұмыс істеп, әке-шешесіне көмектескенін айтты.
– Бала кезімде өскенде барлаушы боламын деп алдыма мақсат қойдым. Сол арманым орындалды. Бастапқыда оқуға түсе алмай, ауылда қара жұмыс істедім. Бірнеше талпыныстан соң, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетіне оқуға түстім. Студент кезімде Боралдай кірпіш зауытында от жағушы болып қосымша жұмыс істедім. Білімімді жетілдіру үшін Ресей, Қытай, АҚШ-та оқып, 7 елдің тілін жетік меңгердім. Шет мемлекеттерде де жұмыс істедім, – деген Сәт Бесімбайұлы өмір жолына қысқаша тоқталды. Кезінде ҚР Қорғаныс министрі, Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этиканы сақтау мәселелері жөніндегі комиссиясының басшысы қызметтерін абыроймен атқарғанын, Парламент Мәжілісінің депутаты болғанында ҚР Қарулы Күштерінің халықаралық деңгейде дамуына көп көңіл бөлгені туралы айтып берді.
Сөз кезегін алған жазушы Сәуле Досжан студенттерге ақыл-кеңесін айтты. «Қазір жақсы оқысаңдар, болашақта мықты кәсіби маман боласыңдар. Оқу мен адал еңбектің арқасында биік мақсатқа жетесіңдер. Бүгінде көп жастар ақша табамыз деп шетелге барып, Қазақстанға жете алмай жүр. Одан да оқыған мамандықтарың бойынша жұмыс істеп, ата-аналарыңа көмектесіңдер. Сонда келешектерің жарқын болады», – дей келе, бірқатар кітабын колледжге сыйға тартты.
Генерал-полковник Сәт Тоқпақбаевпен Ұлттық қауіпсіздік комитетінде көп жыл бірге жұмыс істеген, 34 мемлекетте іссапарда болған, 6 шет тілін білетін полковник Қараби Мұқанбетқалиев те естеліктерімен бөлісті. Ол өз сөзінде генералдың қатал талап қоятын басшы болғанын айтып, «Өмір-ай» кітабын сыйға берді.
Жиынға қатысқан Еңбекшіқазақ аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайсар Асқарұлы, Шелек ауылы әкімінің орынбасары Қуат Абдакимов, әкімшілік қызметте көп жыл істеген ардагер Нұрлан Ердәулетұлы, «Еңбекшіқазақ» аудандық газетінің тілшісі Анарбек Бердібаев бұл кездесудің тәрбиелік мәні зор болғанын айтып, шара қонақтарына ризашылығын білдірді. Колледж директоры да құрметті қонақтарға қазақтың киелі шапанын жауып, алғысын жеткізді.
Студенттер өздері дайындаған шағын концерттік бағдарламасын тарту етіп, генерал бастаған қонақтармен естелік суретке түсті.
Әсел Серікқызы,
Шелек политехникалық колледжінің оқытушысы
Еңбекшіқазақ ауданы