Балқаш аудандық Мәдениет үйінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл – татулық тірегі» атты фестиваль өтті.
Мәдени шараға Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Айбол Нүсіпқожаев, Халықаралық қазақ тілі қоғамы облыстық филиалының төрайымы Күлзира Сейтбекқызы, облыстық тіл оқу-әдістемелік орталығының директоры Қуаныш Амантай арнайы қатысты.
Алыстан ат терлетіп келген қонақтарға мектеп оқушылары Алаш арыстарының ұрпақ болашағы үшін жазып кеткен рухты өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқыды. Аудандық балалар өнер мектебінің ансамблі күмбірлете күй шертті, кітапхана мен аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері дайындаған көрме де көпшіліктің көңілінен шықты.
Аудандық тіл фестивалінде алғашқы болып сөз кезегін алған Балқаш ауданының әкімі Азат Үкітайұлы: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ тілі – қазақтың жаны! Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», – деп атап өткендей, еліміз мемлекеттік тілдің жүйелі түрде дамуына ерекше көңіл бөліп келеді.
Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту бағытындағы нәтижелі жұмыстардың арқасында халықтың тарихи жады қайта тіріліп, өшкені жанды. Бүгінде қоғамымызда «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген берік сенім, ертеңгі күнге деген жарқын үміт түбегейлі орнықты. Мемлекеттік тілге құрмет артқан сайын тұрақтылық пен бірлік те нығая береді», – деген аудан басшысы өңірде мемлекеттік тіл мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға баса тоқталып, тіл жанашырларының есімдерін атап, шараға жиналған көпшілікті құттықтады.
Аудан әкімінің құттықтауынан кейін кезек марапаттауға берілді. Аудандық «Балқаш өңірі» газеті редакторының орынбасары Бақтығали Дәуітбаевқа «Үздік тіл майталманы», «Шапағат» медалінің иегері, «Алаш» онлайн мектебінің негізін қалаушы, қоғам қайраткері, «АМАNАТ» партиясының қалалық кеңес мүшесі, жерлесіміз Алина Канға «Үздік тіл шебері», Б.Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жазира Тезекбаеваға «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы», Бақанас ауылының жеке кәсіпкері Гүлнұр Ақбергеноваға «Тілге жанашыр үздік кәсіпкер», аудандық кітапхананың бағдарламашысы Диана Ирсаеваға «Үздік бейнеролик» номинациялары бойынша ақшалай сый-сияпат және аудан әкімінің арнайы дипломдары табысталды.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Данияр Дүйсенбіұлы мен «Алаш» онлайн мектебінің негізін қалаушы, қоғам қайраткері Алина Александровна мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жөнінде бірқатар мәселені ортаға салды.
Тіл фестивалінде аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Бақанас театрының» әртістері және Б. Бейсекбаев атындағы мектеп – гимназиясының ұстаздары сахналық қойылым көрсетті. Сонымен қатар аудан өнерпаздары дәстүрлі және патриоттық әндерді тамылжыта орындап, мерекелік шараның көрігін одан сайын қыздыра түсті. Осылайша қыдыр түнеп, бақ дарыған қасиетті өңірде «Тіл – татулық тірегі» фестивалі дүркіреп өтті.
Өз тілшіміз,
Балқаш ауданы