Жүрек қылын тербетіп, сыршыл сезімді сиқырлы сөзбен өлеңге қосқан лирик ақын Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдығына орай туған өлкесі Еңбекшіқазақ ауданында «Жүрегі жырдан жаралған» атты облыстық жазба ақындар байқауы өтті.
Есік қаласында Тұманбай Молдағалиев атындағы Мәдениет үйінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ұйымдастырған байқауға жырсүйер қауым көп жиналды. Алдымен ақынның ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойған қонақтар жақында жабдықталған Молдағалиев музейімен танысып, кітап көрмесін тамашалады.
Байқау басталмас бұрын аудандық жастар театрының поэзия әлемінен сыр шертер әсерлі қойылымы көптің назарына ұсынылды. Тұманбай Молдағалиев сөзін жазған әуезді әндер орындалып, байқау қатысушыларына ерекше шабыт сыйлады. Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Сарабеков сөз сөйлеп: «Бұл – тек бір ақынның мерейтойын атап өту ғана емес, тұтас бір рухани кеңістікті, поэзияның мөлдір әлемін жаңаша тануға мүмкіндік беретін ерекше күн. Аталған байқау жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға, ақын өлеңдерін жаңаша түсінуге және қаламгер рухын ән мен жыр арқылы биікте әуелетуге мүмкіндік береді», – деді.
«Жастардың сырласы, үлкендердің ақылшысы, ұлт руханиятының шырақшысы бола білген біртуар ақынның 90 жылдығы – тек бір жанның мерейтойы ғана емес, тұтас бір дәуірдің, бір ұлттың поэзияға құрметі», – деген облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Данияр Ахметов қатысушыларға сәттілік тіледі.
Талантты тұлғаның қаламынан шыққан өшпес мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттауды мақсат еткен байқауға барлығы 12 қатысушы іріктеліп алынды. Олар алдымен ақынға арнауын, одан кейін қаламгер шығармашылығынан бір өлеңнің үзіндісін оқыды.
Өлең мен сөздің құдіретін білер М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты рухани құндылықтарды ғылыми-инновациялық цифрландыру орталығының директоры, өнер зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, «Өлке тынысы» ЖШС директоры Кәдірбек Құныпияұлы, «Жетісу» телеарнасының продюсері Гүлжан Қызайбай, Еңбекшіқазақ ауданы Т.Әбілезов атындағы «Айтыс, жыр, терме мектебінің» жетекшісі, ақын Даубай Әбдісай, тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Нұрмаман Оқас қатысушылардың шеберлігін саралап, әділ бағаларын берді.
Бас жүлде 200 мың теңгені Балқаш ауданынан келген Нұржігіт Кенжеғали иеленді. Бірінші орын кегендік ақын Аршын Нұрбақытұлына бұйырса, екінші орынды Райымбек ауданынан Оразхан Жасталап пен Ұйғыр ауданының қатысушысы Нұржан Жайдар жеңіп алды. Ал үш үшінші орын Жамбыл ауданынан Қызырхан Асқар және талғарлық қос қатысушы Бағжан Бақбергенұлы мен Майра Берікқызына бұйырды. Қалған қатысушыларға Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Ақын мұрасын насихаттап, жастар арасында әдебиетке қызығушылықты арттырып, жас ақындардың жаңа есімдерін оқырманға таныстыруды мақсат еткен байқау жоғары дәрежеде өтті.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы