Бүгінде ақпараттық технологиялардың дамуымен бірге қылмыстың да түр-түрі белең алып келе жатқаны баршаға аян. Қолымыздағы смартфондар қазір байланыс, ақпарат алу құралы ғана емес, абайламасақ, аңдыған алаяқ пен қылмыскердің қақпанына оңай түсірер құралға да айналды. Ақпараттық технологияларды кеңінен қолдана отырып жасалатын осындай қылмыстардың бірі – есірткі жарнамасы.
Алматы облысында биыл Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «PARYZ еріктілері» жастар қоғамдық бірлестігі «SAQTAN» әлеуметтік жобасын қолға алған. Жоба аясында жастар – еріктілер, студенттер және жастар ресурстық орталықтарының белсенділері кейінгі бір айда облыста 500-ден астам есірткі жарнамасы – ғимараттардың қабырғаларына, қоршауларға жазылған заңсыз граффити, QR-код және Telegram сілтемелерін жойды.
«Көп адам бұл жазуларды жай граффити деп қабылдайды. Ал шын мәнінде, олар – жастарды Telegram арқылы есірткіге тартатын арналардың сілтемесі. Біз кейінгі бір айда облыс аумағынан 500-ден астам осындай жарнаманы өшірдік. Оның ішінде мектеп маңында орналасқандары да болды», – дейді жобаның үйлестірушісі Әділет Айтқазы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде «SAQTAN» жобасы аясында жастармен тікелей жұмыс істейтін 50-ге жуық ерікті мен маман тартылған. Олар күн сайын әлеуметтік желілерді бақылап, жасырын есірткі жарнамаларын анықтайды, жергілікті жастармен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
«Күніне кем дегенде 10-15 күмәнді сілтемені анықтаймыз. Көп жағдайда олар Telegram-арналар арқылы таратылып, жастарды қызықтыратын атаулармен бүркемеленеді. Жарнамалар мектеп қабырғасына, аялдамаға немесе жатақхана маңына жазылады. Сол үшін әлеуметтік желіні де, көшені де қатар бақылауға тура келеді», – дейді еріктілер тобының үйлестірушісі Арайлым Бекова.
Сонымен қатар, еріктілер құқық қорғау органдарымен бірлесіп түнгі рейдтерге де шығып жүр. Рейдте түнгі уақытта бет албаты жүрген кәмелетке толмағандарды ұстап, тәртіптік шара көріледі. Бұл іс-шаралар да «SAQTAN» жобасының маңызды бағыты ретінде жалғасуда.