Кәсіпкерлік саласының қарқынын еселеп, қанатын кеңге жаюына сентігін тигізу мақсатында қолға алынған ауқымды істің бірі – «Бір ауыл – бір өнім» жобасы. Өткен ғасырда Жапонияда бастау алған жоба кейінгі жылдары біздің елімізде де қолға алынып, өңірлердегі сапалы әрі бірегей өнімдерді нарыққа шығаруға, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тартуға, әр аймақтың ерекшелігін көрсетуге бағытталуда. Бұл – ел экономикасын жақсартудың тиімді құралы. Мұның бір ерекшелігі өнімге қажет шикізат сол ауылдан болуы керек. Осы байқау арқылы халық арасында сапа идеясы кеңінен танылып, ел нарығы бәсекеге қабілетті өніммен толығуда. Былтыр бұл жоба аясында Қонаев қаласының орталық алаңында өткен жәрмеңке тәріздес көрмеге 57 кәсіпкер жергілікті шикізаттан өндірілген өнімдерін көпшілік назарына ұсынған болатын. Биыл облыс орталығындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы саябақта ұйымдастырылған көрме-жәрмеңкеге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жұмыс тобының барлық талабына сай аудандық іріктеуден іркілмей өткен 70-ке жуық таңдаулылар қатысты. Бұл – олардың жобаға деген қызығушылығының арта түскенінің дәлелі.
Жәрмеңкеге қатысушы кәсіпкерлер өнімдерін жарнамалап, тұтынушыларға саудалады. Қала тұрғындары мен қонақтары аудандардан әкелінген сүт өнімдерінің дәмін татып, сапасының жоғары екенін жарыса айтып, нарыққа кеңінен шығарылуына сәттілік тіледі. Сонымен бірге көлөнер бұйымдары мен бал өнімдері, былғарыдан жасалған аяқкиім, әмиян, белдік, сөмке, киіз үй жабдығы және түрлі әшекейлерді жұртшылық қызыға тамашалады. Сатып алушылар да аз болмады.
Аудандарда мемлекеттік қолдауына ие болуға ниетті жандар аз емес. Соның бірі – Еңбекшіқазақ ауданынан келген Азангүл Әлбосын. Ол көрмеге шұбат пен түйе сүтінен өндірілген балмұздақтар әкеліпті. Таңсық асты тамашалаушылардың да, сатып алушылардың да қарасы мол болды. Айтуынша, Шелек ауылында кішігірім цех ашып ісін бастағанына екі айдай уақыт болыпты. Құрал-жабдықтарды Қытайдан алдырған. Кәсіпкер алдағы уақытта түйе басын көбейтіп, балмұздақ өндірісін кеңейтуді жоспарлап отырғанын, осыған орай грант алуға ниетті екенін жасырмады.
Райымбек ауданы Талас ауылы «Махамбет» шаруа қожалығының өкілі Элмира Нөкербанқызы алабота шөбінің сахарынан қайнатылған қара сабын жасапты. Бұл сабын тері ауруларына ем, әрі жаңа туған сәбилерді шомылдырса, пайдасының мол болатынын алға тартты. Сонымен қатар талғарлық Ботагөз Қожабекова дайын тағам өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Бұл отандық өнімді де жұртшылық таласа-тармаса сатып алып жатты. Қағаз қораптың ішінде пластик ыдыста лағман, қуырдақ, тұздықпен және көкіністермен дайындалған тауық еті, гарнирімен сиыр және тауық етінен котлеттер, көженің түр-түрі бар. Оны тек бірнеше минут қана қысқатолқынды пешке ысыту қажет. Лезде тамақ дайын болады. Ботагөз Бақытқызы өндірілген өнімдерін Алматы және Талғар қалаларында саудалайтынын, экспортқа шығарудың жолын қарастырып жатқанын айтты. Осылайша, ол жергілікті құндылықты баса көрсетіп, жаһандық нарықта бәсекеге түсе алатын өнімдерді дамытуды қолға алмақ.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бұл көрменің ұйымдастырылуына белсене атсалысып, кіші және орта бизнес өкілдерімен кездесуде кәсіби кеңестерін беріп, кәсіпкерлерге әрдайым қолдау білдіреді. Шара барысында облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Азамат Әлиев көрмеге қатысқан 70-ке жуық кәсіпкерге ризашылығын білдірді. Жергілікті шикізат өнімдерінен құралған көрмедегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпіліс беретінін және бұл шараның ауылды дамытуға зор үлес қосатынын сеніммен айтты.
1000-нан астам қыз-келіншектің кәсіп бастауына себепкер болған облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ләззат Ботабекова бұл көрменің барлық облыста өткізілетінін және оның ауыл кәсіпкерлерінің нарыққа шығуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының құрған бренд-комитеттің шешімімен жеңімпаздар анықталды. Сонымен бірге көрмеге белсене қатысып, өз өнімдерін ұсынып, белсенділік танытқаны үшін 8 ауданан келген кәсіпкерлер облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Алғыс хатымен марапатталды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
