Жамбыл ауданындағы мал иелері жылдағы дәстүрмен жаз шыға төрт түлікті жайлауға көшірген. Бірақ биылғы құрғақшылық таудағы малшы қауымына да жайсыз соғып тұр. Жайлауға сапарға шыққанда, оған біз де көз жеткіздік. Тау беткейі әдетте бұл кезде жұпар иісі аңқыған көк майсамен көмкеріліп жататын. Биыл жаз ортасынан аумай жатып-ақ тақырланып қалыпты.
Жайлаудың жайын білмекке жергілікті әкімдіктен жолға шыққан топқа ілестік. Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Азамат Сұлтанов, аудандық ветеринария, жер қатынастары бөлімдерінің басшылары Данияр Балаев пен Елдар Қайратұлы және осы мекемелердің мамандары екі көлікпен Суықтөбе тауының Сарыжазық жайлауына бет түзедік. Аудан орталығынан 50 шақырымдай ұзаған соң Қастек ауылына аялдап, бұл жерден Талап ауылдық округі әкімдігінің қызметкері Ертай Маханов бізге қосылды. Өйткені алған бағытымыздағы шаруа қожалықтарының дені осы округке қарасты болғандықтан, жол көрсетушіміз жер жағдайын жақсы білетін, ел ағасы жасындағы осы кісі. Сұраншы батыр және Қастек елдімекендерінен құралған Талап ауылдық округінде 105 шаруа қожалығы бар болса, соның 40-ы мал шаруашылығымен айналысады. Көбінің малы қазір жайлауда.
Қастек сайының аузындағы шекара қосынынан өткен соң қия жол басталды. Анау жылы осындай кезде келгенімізде жап-жасыл болып жатқан тау бөктері сары түске боялғандай, шөбі көтерілмей жатып қурап, тап-тақыр күйге түсіпті. Тек өзен жағасы ғана ірі қараның аузы толмаса да, қуалай жайылатындай оттық. Сосын мұндағы мал сайдың теріскей қапталында, тікен түбінде оттайтынға ұқсайды. Тақыр төбеде тек сонадан ыққан жылқы бір-біріне жанаса шыбындайды. Аптап ыстықта үп еткен жел жоқ. Ал ықтасын шыбын-шіркейге толы, малды шағып, мазасын қашырады.
Сарыжазық жайлауында алдымен «Еркебұлан» шаруа қожалығына атбасын тіредік. Мұнда қожалық төрағасы Ержан Ысқақовты жолықтырып, шаруа жайын білдік. Аталған қожалық 2000 жылы құрылған. Таудағы осы орынды иеленгеніне 20 жыл болыпты. Мал қорасын, жанынан малшы үйін салып, осында қысы-жазы төрт түлігін ұстайды. Қазір 100 қаралы жылқы, 200 шамасында ірі қара және 300-ден астам қойы бар. Қойы – жүнді бағыттағы асыл тұқымды. Отбасылық бизнесінде өзімен қоса зайыбы мен баласы және бір малшы жұмыс істейді. Шаруашылықтың 300 гектар жері бар. Құрғақшылықтан мал ұстау қиындап бара жатқанын айтады. Қысқа қажетті жем-шөп дайындау қымбатқа түсуде. Сол себепті қолдағы малын біршама азайтыпты. Шілде түспей ыстықта жерінің шөбі күйіп кеткен. Қазір малын алысқа ұзатып, негізінен Шынасыл сайына өргізеді. Бұл маңда сонда ғана жердің оты сақталған сияқты. Қожалық иесінің зайыбы Жанна да ауа райының қолайсыздығын тілге тиек етті. Айтуынша, алғашқы жылдары бала-шағасымен жазды осында жасыл жайлау төрінде көңілді өткізетін. Енді салқын самалын ми қайнатар ыстық алмастырып, күнгей беттегі қора-жай маңы қылпық шөпсіз, шаңы шығып жатыр.
Бұлармен қоныстас орналасқан Ұлан Сегізбаевтың «Ұлан» шаруа қожалығының айналасында да осыған ұқсас көрініс. Оның үйі мен қора-жайының жанынан жан баласын кездестіре алмай, әрі қарай сапарымызды жалғастырдық. Сірә, малын алыстау айдаған тәрізді. Өзеннен өтіп, Шынасыл сайына енгенімізде ғана тауға келгенімізді сезіне бастадық. Мұнда жанға жайлы салқын самал есті. Өрлеген сайын тау шөбі қалыңдай түсті. Жайылып жүрген жылқы, қой, сиырдың бүйірі шығыңқы, жүні жылтырап күйлі көрінді. Жолай кездескен қойшыға жолығып, жөн сұрастық. Мәтібұлақ ауылына қарасты «Әли» шаруа қожалығының малы болып шықты. Алдына бір отар салған шопан Шахизада Алмабеков шаруашылық басшысы мұнда емес екенін айтты. Өзі Үмбетәлі ауылының тұрғыны екен. Мал бағуды кәсіп еткеніне 40 жылға жуықтапты. «Мен 15 жасымнан бастап мал бағып келемін. Осы жұмыспен Алматы облысының көп жерінде болдым. Осы қожалыққа үш айға қой бағуға келдім», – дейді Шахизада Жүнісұлы.
Одан жоғары орналасқан Жұмағали Жапарқұловтың «Дастан» шаруа қожалығына бардық. Бір кездерде металл өндірілген ескі кен орнының жанында екен. Мұнда да қожалық төрағасын жолықтыра алмадық. Ауыл шаруашылығы бөлімінен білгеніміздей, қожалықтың меншігінде 60 ірі қара, 1 мың бас ұсақ мал, 50 гектар жері бар. Қой-ешкісін Анатолий Журавлев есімді аға шопан бағып жүр. Оны сөзге тартқанымызда, осы шаруашылықта ұзақ жылдан бері малшы болып еңбек ететінін айтты. Алдындағы малы қоңды, ешкілері жартастың ұшар басына дейін өрмелеп кетіпті. Тау басына таяу болғандықтан, мұнда күнде жаңбыр жауады екен. Шөбі белуардан келеді.
Жайлау деп осыны айтса керек. Бірақ таудың басы елдің бәріне бірдей жетпейді. Мұндай жасыл мекен санаулы шаруашылыққа ғана бұйырған. Ауданда жайылым тапшылығы мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Жауапты мамандар ортақ жайылым таудан болмаса да, шалғайдағы жартылай шөлейтті аймақтан қарастырылып жатқанын айтады. Мәселен, жайылымның жалпы көлемі 50 мың гектар болса, соның 7 мыңы ғана таулы аймақта.
Шынасыл сайынан кері қайтып, әкімдік қызметкерлері Қастек сайының жоғары жағында отырған Дегерес ауылдық округінің шаруа қожалықтарының да жайын білді. Сапар барысында кездескен малшы қауымына өз салалары бойынша түсіндірме жұмыстарын қатар жүргізді. Бұл орайда Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Азамат Сұлтанов жылқыны таңбалау мал ұрлығының алдын алуға бағытталған маңызды шара екенін айтса, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Данияр Балаев мал ауруларының алдын алу барысына назар аударды. Сол сияқты жер қатынастары бөлімінің басшысы Елдар Қайратұлы шаруашылықтардың жерге орналасу жағына баса мән берді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы


