Биыл облыс көлемінде тұңғыш рет жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың бастамасымен ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушыларға арналған «UMTYLYS» байқауы ұйымдастырылды. Мақсаты – ауылдық деңгейде жастармен тікелей жұмыс атқаратын әдіскер-нұсқаушылардың кәсіби шеберлігін, ұйымдастырушылық қабілетін арттыру, үздік тәжірибелерді анықтап, облыс көлемінде тарату арқылы мемлекеттік жастар саясатының тиімді іске асуына ықпал ету.
Байқаудың аудандық, қалалық деңгейдегі бірінші кезеңінде бір жылдық жұмыс өтілі бар үміткерлер бақ сынады. Алғашқы іріктеуден іркілмей өткен 43 жоба облыстық кезеңде қорғалды. Халықаралық жастар күніне орай аталған байқау мәресіне жетіп, марапаттау рәсімі өткізілді. Салтанатты шарада сөз облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаевқа берілді.
– Бүгін біз Халықаралық жастар күні аясында бір шаңырақ астына жиналып отырмыз. Бұл күн – ертеңгі күннің иесі, елдің үміті, ұлттың шамшырағы болған сіздерге арналған мереке. Облыста 430 мыңға жуық жас бар. Олардың 85 пайызы ауылда тұрады. Соңғы жылдары облыс әкімінің қолдауымен жастарға арналған көптеген ауқымды жоба іске асты. Атап айтқанда, «Алатау жастары» бағдарламасы арқылы 100 жас жеңілдетілген несиемен баспанаға қол жеткізді. Сондай-ақ талантты жастарды қолдауға арналған «Заңғар», «Тәуелсіздік ұрпақтары» сынды қайтарымсыз гранттар табысталуда. Ауылдық жерлерде кәсібін дамытқысы келген жастарға «Ауыл аманаты» жобасы септігін тигізуде. Күні кеше «Жасыл ел» жасақшылары «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында маусымдық жұмысқа кірісті. Еріктілеріміздің де еңбегі еленіп, былтыр «Жыл волонтері» сыйлығын иеленді. Биыл да ел көлемінде Алматы облысы көш бастап келеді. Облыс бойынша заманауи коворкинг орталықтары Балқаш, Кеген, Райымбек аудандары мен Қонаев қаласында бой көтеріп, шығармашыл жастарға жол ашылуда. Жыл соңына дейін Қаскелеңде жаңа жастар орталығы қолданысқа берілмек. Бұл – жастар үшін жасалған тағы бір жарқын қадам, – деген Қуат Сұлтанұлы «UMTYLYS» байқауы ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі нұсқаушыларға берілген серпін, жаңа идеялардың бастауы екенін баса айтты.
Келесі кезекте облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Дәуітәлиев бүгінгі шараның маңызына тоқталып, елімізде жастарды қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайын әңгіме арқауына айналдырды. Одан кейін сөз алған жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мәди Ахметов өзі жетекшілік ететін басқарма тарапынан атқарылған істер жайлы баяндады.
Қуат Байғожаев пен Мәди Ахметов белсенділік танытып, өз саласында өзге жастарға үлгі боларлық нəтиже көрсетіп, жобасы үздік деп танылған әдіскер-нұсқаушыларға облыс әкімінің «UMTYLYS – 2025» жастар сыйлығын табыстады.
Марапатқа ие болғандар атынан Балқаш ауданы Бірлік ауылдық округінің әдіскер-нұсқаушысы Ақын Жандәулет пен Талғар ауданы Бесқайнар округінің әдіскер-нұсқаушысы Толғанай Тұрлыжанова өз жобалары жайлы қысқаша мағлұмат беріп, ел дамуы жолында аянбай еңбек етуге уәде берді.
Қонаев қаласы