Перейти к содержимому
Главная страница » Музей – ұлт мерейі

Музей – ұлт мерейі

     Қарасай ауданына қарасты Қырғауылды ауылындағы «Анаға құрмет» музейінде халықаралық шара өтті. «Болашақ музей­лері: цифрландыру және мәдениет­­­­аралық диалог» атты коллоквиумда мәдениет, тарих және технология саласының үздік сарапшылары бас қосты.

Аталған шараны Қазақстан Респуб­ликасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ТҮРКСОЙ қолдап, ЮНЕСКО жанындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы және бірқатар мәдени мекеме ұйымдастырды. Коллоквиум – музей ісінің жаңа дәуірі­не жол ашатын ашық алаң. Мұнда музейлерді заманауи технологиялармен жабдықтау, тарихи-мәдени мұраны жаңаша ұсыну және мәдениетаралық байланыстарды нығайту мәселелері көтерілді.
Шара бағдарламасы ерекше мазмұн­ға толы болды. Қонақтар мұражай ішіндегі экспозицияларды аралап, суретші Аманқос Ақанаев пен реставра­тор Қырым Алтынбековтің еңбектерімен танысты. Сонымен қатар археологиялық жаңғырту жұмыстарын тамашалап, музей кітапханасының ашылуы өткізіліп, соңы «Музейге кітап сыйла» акциясына жалғасты.
Ғылыми-тәжірибелік сессияда халық­аралық сарапшылар музей ісінің рөлі, этнографиялық зерттеулер, жасанды интеллектіні пайдалану және цифрлық трансформация стратегиялары туралы баяндады. Олардың қатарында ТҮРКСОЙ өкілдері, Түркиядан келген музей жетек­шілері және Қазақстан­ның белгілі ғалымдары болды. Шара соңында қатысу­шыларға ТҮРКСОЙ мен ЮНЕСКО сертификаттары табыс етіліп, мәдениет саласына үлес қосқан қызметкерлер марапатталды.
Аталған шарадағы ең басты жаңалық – «Анаға құрмет» музейі Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) музейлер құрамына №51 реттік нөмірімен қабылданды. Арнайы сертификатты ТҮРКСОЙ Музейлер одағының бас үйлестірушісі, тарих ғылымдарының докторы Джавид Мовсюмлю табыстады.
Бұл жиын – музей ісін жаңғыртып, цифрлық технологияларды енгізу арқылы тарихи-мәдени мұраны жаңа қырынан таныстыруға жол ашатын маңызды қадам болатыны анық.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы