Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Іле ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысанды аралады. Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев құрметті қонақтарға ауданды кеңінен таныстырды.
Алдымен КазЦИК ауылына ат басын бұрып, Дінмұхамед Кузиев басқарып отырған газобетон шығаратын «Автоклав KZ» ЖШС-ға қарасты «БЕНТ» зауытының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Аталмыш зауыт 1987 жылдан бастап еліміздегі шойын жолдың темірбетон шпалдарымен қамтамасыз етіп отырған жалғыз өндіріс орны болып саналады. Өнімдері әлемдік стандарттарға сай. Облыс басшысы өндіріс ошағымен қатар өздеріне қажетті мамандарды даярлайтын оқу орталығы жұмысын көріп, оң бағасын берді.
– Автоклавты газоблоктар өндіруде біз тек жоғары сапалы материалдарды қолданамыз. Барлық материал сапа сертификаты бойынша тексеріледі және біздің зертханамыздың қатаң бақылауынан өтеді. Кәсіпорын жұмысы толығымен автоматтандырылған. Өндіріс қуатын арттыруда кадр тапшылығы мәселесіне тап болдық. Сондықтан оқу орталығын аштық. Онда 9 мамандық бойынша білім беріледі. Студенттерге 200 мың теңге көлемінде жәрдемақы төленеді. Жұмысқа орналасқан сәттен алғашқы 2 айда қызметкерлердің жалақысы 200 мыңнан асады, үшінші айдан бастап 300 000 теңгеге дейін көтеріледі. Осыған қарамастан бос жұмыс орны әлі де болса жеткілікті, – деді «Бент» фирмасы ЖШС Бас директоры Дінмұхамед Кузиев. Өз кезегінде облыс әкімі М. Сұлтанғазиев азаматтарды тегін оқыту және жұмысқа орналастыру бойынша әкімдік тарапынан атқарылып жатқан істерге қолдау білдірді.
Іле ауданы халық тығыз қоныстанған өңір екені белгілі, осыған байланысты мұнда жаңа оқу орындарын салу өзекті болып отыр. Боралдай кентінде 1500 орынды мектеп салынып жатыр. Құрылысы аяқталуға жақын қалған оқу нысанына барған өңір басшысы оның дизайны мен сапасының көңілден шығатынын атап өтті.
Мектеп кең дәлізі бар 6 блоктан тұрады. Бірінші блокта мектепке дейінгі және бастауыш сыныптар, мультимедиялық кабинеттер, екі ойын бөлмесі орналасқан. Екінші блокта 5, 9-сыныптарға арналған оқу кабинеттері орналасқан. Үшінші блокта оқу шеберханалары, және 10-сыныптарға арналған әмбебап кабинеттер жабдықталған. Әрбір оқу блогында жеделсаты жобаланған. Бір үлкен және бір шағын спорт залы бар. 270 орынды асхана, кітапхана, әкімшілік және медициналық бөлмелер жобаланған. Мектеп жаңа оқу жылында оқушылар игілігіне берілмек.
Аймақ басшысы келесі кезекте Қорғаныс министрлігінің қажеттіліктерін қамтамасыз ететін еліміздегі жетекші кәсіпорындардың бірі «СКТБ «Гранит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Бұл кәсіпорын соңғы 25 жыл ішінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізумен айналысады. Радиоэлектрондық аспаптар мен құрылғыларды шығарады. Негізгі атқаратын жұмысы – әуе қорғанысы әскерінің қару-жарағы мен әскери техникасын жаңғырту және күрделі жөндеу. Қазіргі уақытта кәсіпорын радиоэлектрондық өнімдердің 50-ден астам түрін шығарады.
Өңір басшысы Өтеген батыр ауылындағы 72 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үй, Мәдениет үйі және «Жасыл алма» коттедж қалашығына да барды. Үш көппәтерлі үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыс жұмыстары кесте бойынша жалғасуда. Ал, «Жасыл алма» коттедж қалашығындағы құрылысы біткен алғашқы үйлерге барлық инфрақұрылым жүргізілген. Мәдениет үйінде де негізгі жұмыстар аяқталған. Облыс әкімі бұл құрылыс нысандарының назардан тыс қалмайтынын, жіті бақылауда ұстайтынын айтты.
Іле ауданындағы жұмыс сапарын облыс басшысы «Adamaris» ЖШС жаңа жартылай фабрикаттар дайындау цехында жалғастырды. Мұнда дайын асты сақтаудың заманауи үлгісі жолға қойылған. Мысалы, тұшпара, манты, көкөністерден дайындалатын тамақ түрлерін сол қалпында сақтауға мүмкіндіктері бар.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев озық технологиялардың сапасы мен цехтың тазалығына мән бере отырып, жұмысына көңілі толатынын білдірді.
– Компанияның өз өніміне өте ұқыпты, таза қарайтынын, аса жауапкершілігі жоғары екенін бірден байқауға болады. Алматы облысында мұндай кәсіпорындар көп емес. Сондықтан цех кафе, мейрамханалармен қатар мектептегі түскі асты да осындай кәсіпорын арқылы таратуға болады, – деді аймақ басшысы. «Adamaris» ЖШС-нің өкілдері бұл ұсынысты қуана қабылдады.
Сондай-ақ, өңір басшысы «Полимер-БК» ЖШС-не барып, полиуретанды бұйымдар өндірісімен танысты. Кәсіпорын 20 жылдан астам уақыт елімізде қызмет етіп келеді. Ұлыбритания, Италия, сондай-ақ еуропалық өндірушілердің шикізатын пайдаланады. Италиялық жоғары өнімді заманауи полиуретанды бұйымдарды құю машинасы бар. Кәсіпорын бүкіл ел бойынша ірі мемлекеттік тапсырыстармен қатар жеке тапсырыстарды да орындайды.
Өңір басшысы жұмыс сапарында Іле ауданының экономикалық-әлеуметтік даму динамикасына риза болып, осы қарқыннан бәсеңдеуге болмайтынын атап өтті. Аудан басшысы Бағдат Қарасаевқа және жұмыс тобына сәттілік тіледі.
Бағдат ШОЙБАСОВ,
Іле ауданы