Алматы қаласындағы «Intercontinental Hotels Almaty» қонақүйінде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Қытай Халық Республикасының Цинхай провинциясының губернаторы, Қытай коммунистік партиясының хатшысы У Сяоцзюньнің кездесуі болып өтті. Сапар барысында екі тараптың білім, денсаулық сақтау, энергетика және сумен қамту, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы басқармалары мен төтенше жағдайлар департаментінің қатысуымен 7 меморандумға қол қойылды.
Алдымен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Цинхай провинциясының басшысы У Сяоцзюнь мырза өзара әңгімелесіп, екіжақты қарым-қатынасты дамытудың жаңа кезеңдері турасында ой бөлісті.
Мәртебелі меймандар қонақүйдің кіреберісінде Цинхай провинциясының сауда тарихы, экономикалық жағдайы, тамаша табиғи көріністері және мәдени мұрасы қойылған көрмемен танысудан кейін алқалы басқосу жиынжайда жалғасын тапты. Мұнда Цинхай провинциясы сауда департаменті басшысының орынбасары Ян Сяомин өз тарапынан келген делегация өкілдерін таныстырды. Келесі кезекте сөз алған Бас консул Цзян Вэй ханым екі ел арасындағы сенімді серіктестік пен іскерлік қатынастар жайында сөз қозғап, Қытайдың Тибет аймағында орналасқан Цинхай провинциясының бүгінгі жетістіктері туралы айтып өтті. Ал коммерция департаментінің басшысы Лю Рупенг пен мәдениет және туризм департаментінің директоры Дун Фухайдың баяндамалары Цинхай провинциясының экономиканы дамыту барысында қол жеткен табыстары мен әлеуметтік саладағы бағындырған биіктері, өлкенің туристік әлеуеті жайына арналды. Сөйлеушілер шыңдары бұлтпен таласқан асқаралы таулары мен тіршілікке нәр беретін үш өзен аймағында орналасқан Цинхай аймағы мен Алматы облысының экономикалық, туристік, мәдени әріптестігін нығайта беру қажеттігін баса айтты.
Басқосу барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы алдымен мәртебелі қонақтарға ізет білдірді.
– Алматы облысы атынан, Қытай Халық Республикасымен шекаралас, Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы стратегиялық маңызы бар өңір атынан сіздерге шын жүректен қош келдіңіздер дегім келеді.
Біздің кездесуіміз Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 33 жыл толуына орай өтіп отыр. Осы уақыт ішінде ел арасында берік, жан-жақты және тату көршілік байланыс қалыптасты. Бүгінде біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен «Қазақстан-Қытай серіктестігінің Алтын отыз жылдығы» кезеңіне қадам басып отырмыз. Астанадағы «Орталық Азия – Қытай» саммитінде жарияланған бастамалар өңіраралық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған және біз бұл ұстанымды толықтай қолдаймыз.
Алматы облысы – еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Біз жалпы өңірлік өнім бойынша 10-орыннан 5-орынға көтерілдік. Өңірде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда, индустриялық аймақтар құрылуда, шетелдік инвестициялар тартылып жатыр.
Цинхай провинциясы басшылығының халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосып жатқан үлесін жоғары бағалаймыз. Бүгінгі кездесудің, сондай-ақ қол қойылатын меморандумдардың болашақ үшін маңызы зор.
Құрметті қонақтар, сапар сәтті болсын! Бүгінгі кездесу Алматы облысы мен Цинхай провинциясы арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаратынына сенемін.
Осыдан кейін екі тарап білім, денсаулық сақтау, энергетика және су, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдай бағыттары бойынша 7 меморандумға қол қойып, құжаттар алмасты.
Шара соңынан алқалы басқосуға жиылған Қытай мен Қазақстанның бизнес өкілдеріне Цинхай провинциясының инвестиция салуды қажет ететін салалары мен туристік бағыттары жайында бейнеүзінді ұсынылып, алдағы бірлесе атқарар жұмыстар әңгіме арқауына айналды.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ




