Біз шекара түбіндегі Қостөбе ауылы туралы аз қалам тербеген жоқпыз. Балалық шағымыз атақты жазушы, қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», «Он алты жасар чемпионындағы» кейіпкерімен бірге өткен соң да болар, қаламгер дүниеге келген Қостөбе – шекара шебіндегі өзге елдімекендердің ішінен дараланып тұрады.
Жуырда біз осы ауылда туып-өскен шекарашымен аяқ астынан сұхбаттас болғанымыз бар. ҚР ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Қостөбе» шекара бөлімшесінің 3-мобильді топ барлаушысы, кіші сержант Дарын Ерқанатұлы Мұқағалидың өлеңдерін жатқа айтады екен. Өзінің де қасиетті қаламға жақындығы бар көрінеді.
Алдымен Дарын біздің алдымызда Мұқағали Мақатаевтың «Міне, мен Отанымның шетіндемін» атты поэмасын бейнебір сахна төрінде тұрғандай тамағын бір кенеп алып, күмбірлетіп оқи жөнелді. Өзіңіз көз алдыңызға елестетіп көріңізші?! Мынау – шекара бөлімшесі, ана жерде саптық алаң. Бөлімшенің желкесінде шекаралық бақылау мұнарасы тұр. Осы көрініс оған күш бере түскендей. Шекараның ерекшелігін, Отанның шетінде жүру кез келген адамға бұйыра бермейтін бақ екенін Мұқағали өлеңдері арқылы жеткізгісі келеді. Ақиық ақынның поэмасын оқыған Бердібек ағамыздың жерлесін тыңдап тұрған сен де бей-жай қалмайсың. Дарын Ерқанатұлы ақын жырларын он жасынан бері оқиды екен.
«Мұқағали Мақатаевтың «Шеше, сен бақыттысың» деген өлеңі мені алдымен мектептің кішкентай сахнасына шығарды, содан кейін өңірдегі жыршылардың қатарына қосты. Ақын атамыздың кіндік қаны тамған Қарасазына жетелеп апарды. Ал мұнда ақынның тым болмаса бір өлеңін жатқа білмейтін баланы көрмейсіз. Үлкені де, кішісі де сайрап тұр. Қазақ ардақтаған ақынды өздерінің бойтұмарына балаған ауылды сонда алғаш көріп едім. Содан бастап, мен де Мұқағалидың өлеңдеріне құлай ғашық болдым».
Осылай деп ағынан жарылған Дарынның өзі шекарашылар сапын өткен жылы ғана толықтырса керек. Мұның да өзіндік себебі бар. Бұл туралы ол:
– Мен өзімнің азаматтық борышымды туған жерімнің шетінде емес, Ұлттық ұланның сапында өтедім. Оңтүстіктегі Шымкент қаласында. Бір жылдан кейін әскерден босап, ауылға оралған мені 2023 жылдың тамызында запастағы әскери қызметшілердің жиынына шақырды. Ол Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының далалық оқу полигонында өткен. Өзімнің алғашқы әскери шенімді де осы жиында алған кезімде маған шекарашылардың өмірі ұнағанын, өзіне тартып әкеткенін түсіндім. Жеті айдан кейін қызметке қабылданып, ауылымның шетіндегі шекара бөлімшесіне жіберілдім», – деді.
Міне, бөлімшеге осылай тап болған Дарынмен, кеудесінде Мұқағалидың өлеңдері күмбірлеген шекарашымен біз де осылай сұхбаттас болған жайымыз бар. Сол-ақ екен, шекарашыны бұрыннан білетіндей күй кешкенімізді несін жасырайық?!
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА
Райымбек ауданы




