Перейти к содержимому

     Үмбетәлі Кәрібаев әдеби-мемориалды музейінде «Нар тұлға» атты тағылымды кеш өтті. Аталған шара мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздегі музей ісінің дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған  этнограф-ғалым, ұлт рухының шамшырағы Өзбекәлі Жәнібековті еске алуға арналды.

Мәдени шараға Өзбекәлі Жәнібековтің ұрпақтары арнайы келіп, естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ облыстық музейлер бірлес­тігі директорының орынбасары Мақсат Есмұратов, филология ғылым­дарының кандидаты Анарбай Бұлдыбай, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш, «Отбасы хрестоматиясы» баспасының дирек­торы Бағдат Құдияр, этнограф, музей­танушы Сәуле Мерекеева, музыкалық аспаптанушы, этнолог Зәбира Жәкішева және ауданда орналас­қан музейлердің қызметкерлері қатысты.
Кеш барысында Өзбекәлі Жәнібеков жайлы жан-жақты естелік-әңгіме айтылды. Ұлт тұлғасының ұрпақтары, Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары музейінің меңгерушісі Бауыржан Жәнібеков пен «Өзбекәлі Жәнібеков» қорының президенті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Азел Жәнібекова әкелерінің отбасында аса мейірімді жан болғандығымен қоса ұлтқа сіңірген ерен еңбегінен сыр ақтарды.
Кешке қатысқан ақын-жазушы, ғалымдар ұлт тұлға­сының қазақ руханиятын жаңғыртуға қосқан зор еңбегін айрықша атап өтті. Төл тарихымыздың төрт құбы­ласын түгендеп, асыл мұрасын бағалап, бабадан мирас болған бай мәдениетіміздің мәртебесін асқақ­татқан тұлға екендігіне тоқталды. Өзбекәлі Жәнібеков кезінде «өлеңнің қара жорғасы» атанған халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаев музейінің ашылуына да тікелей ықпал еткен болатын. Есімі ғасырдан ғасырға жетіп, келер ұрпақтар есінде мәңгі сақталсын деген тілектер айтылды.
Шарада аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі өнерпаздарының орындауында әуелеген ән шырқалып, күмбірлеген күй төгілді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Үмбетәлі ауылы,
Жамбыл ауданы