Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде «Ақ бидай – 2025» VIIІ республикалық ауыл спорты ойындары басталды. Аталған жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 18 жастан асқан 3000-ға жуық спортшы бақ сынауға келді.
Ел елеңдеген доданың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым қатысушыларға сәттілік тілеп, ауыл спортының ел болашағы үшін маңызын атап өтті.
«Баршаңызды «Ақ бидай – 2025» VIII республикалық ауыл спорты ойындарының ашылуымен құттықтаймын! «Ақ бидай» – ауыл спортының дамуына серпін беретін, салауатты өмір салтын қалыптастыруға жол ашатын ерекше мүмкіндік. Бұл дода тек спорттық шеберлікті шыңдап қана қоймай, ынтымақ пен достықты нығайтуға қызмет етеді», – деді Нұрлан Ерғалиұлы. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамытуға қатысты тапсырмаларын атап өтіп, облыста жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Аймақта 25 мыңнан астам спортшы бар. Тек биылдың өзінде жергілікті спортшылар халықаралық және республикалық жарыстарда 1336 медаль жеңіп алған.
Аталған жарыста әр облыстан келген командалар спорттың 20 түрінен: теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, құсбегілік, волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, гір көтеру, қол күрес сынды сайыстарда жүлдеге таласады.
Алғашқы жарыс күнінің шымылдығы ат спорты түрлерімен ашылды. Аламан бәйгеде Солтүстік Қазақстан облысынан келген «Жебе» атты тұлпар алдына қара салмады. Екінші орын облысымыздың «Садақ» атты сәйгүлігіне бұйырса, Жетісу облысының жүйрігі үшінші болып көмбеден көрінді. Аламанда ат озған ағайын ақжарма тілегін ақтарып жатты. Солардың бірі – Байқұрман Жантөре. «Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Біз бірнеше ай бойы дайындалдық. Аттың төзімділігі, тамақтануы мен тактикасына көп көңіл бөлдік», – деді аламаның алдын бермеген жүйрік иесі.
Топ бәйгеде Алматы облысының жүйрігі топтан озса, жорға жарысында жұлдыздай аққан Абай облысының ақтаңгері көптен дара көрінді. Мыңдаған спортшы тер төгетін айтулы дода – «Ақ бидай – 2025» ойындары 21 қыркүйекке дейін жалғасады.
Ерзат АСЫЛ
Қарасай ауданы




