⛅
11°C
Қонаев
Дүйсенбі, Қазан 27, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Әдебиет

    Тау мінезді тарлан

    20.09.2025
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар, Мәдениет, Руханият
    Тау мінезді тарлан
    0
    SHARES
    66
    VIEWS

         Маржан сөзді қызырлы жерінің көркем кестесіндей өрнектеп, поэзия шыңына өрлеген, елінің мақтанышына айналған ақын Еркін Ібітановты елі ешқашан жадынан шығармасы анық. Осы орайда, облыс әкімдігінің қолдауымен, ақын ұрпақтарының ұйымдастыруымен қасиетті Қарасаз ауылында ақынның 90 жылдық мерейтойына арналған «Еркін-жырдың аспаны» атты әдеби-сазды кеш өтті.

    Айтулы шараға облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев, Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев, алыс-жақыннан келген ақын-жазушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері, аудан тұрғындары қатысты.
    Қонақтар ең алдымен Мұқағали Мақатаевтың бюстіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Ақиық ақынның әдеби-мемориалды музейінде оқушылар Мұқағали өлеңдерін оқыды. Бұдан кейін жиналған қауым Еркін Ібітанов атындағы Мәдениет үйін бетке алды. Өнер ошағының фойесінде ақынға арналған көрмені тамашалады. «Хантәңірі» халық театрының әртістері қарасаздық қос ақын Мұқағали мен Еркіннің бейнесі сомдалған қойылымды көрерменге паш етті.


    Кеш тізгінін ұстаған ақын, жур­налист Бақыт Жағыпарұлы:
    – Ақынның жыры – елдігінің айнасы, ұлт рухының биігі. Бүгінгі күн – жырсүйер қауымның мерекесі, шабыттың тойы! – дей келе, тау тұлғалы, асқақ рухты Еркін Ібітановтың шығармашылығы мен өміріне тоқталды. Тұманбай Молдағалиев пен Фариза Оңғарсынованың Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған Еркін ақын туралы айтқан жылы лебіздері көпшілік назарына ұсынылды.
    Салтанатты кештің шымылдығын облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев ашты.
    – Бұл тойды Алматы облысы ғана емес, бүкіл Қазақстан халқы тойлап жатыр деп айтуға болады. Райымбек ауданының тумасы, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев мерейтойға арнап өзінің жүрекжарды лебізін жіберді. Соны оқып беруге рұқсат етіңіздер. «Қадірлі ағайын! Баршаңызды ұлттық поэзияның көрнекті өкілі, жыр әлемінде қайталанбас өрнек қалдырған ақын Еркін Ібітановтың туғанына 90 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Еркін Ібітанов – көргені мен түйгенін өлеңге айналдырып, оқырманға терең ой салған ақын. Қарасазда жүріп-ақ үлкен әдебиеттің асқар шыңын еркін бағындырған қаламгер. Оны көпшілікке танытқан «Қойшылар» поэмасы – шын мәнінде, ұлттық болмыс пен тұрмысты суреттейтін және еңбек адамдарына деген құрметті дәріптейтін бірегей туынды. Еркін Ібітанов ұзақ жыл бойы талай таланттың тұсауын кескен «Хантәңірі» газетінде еңбек етіп, ұлттық журналистиканың дамуына да өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан қазақ руханиятында өшпес із қалдырған биік тұлғаның есімі мен мұрасын кеңінен дәріптеу айрықша мәнге ие. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінгі іргелі іс-шараның маңызы зор. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы игілікті істерге толайым табыс тілеймін! Ақынның рухы асқақтай берсін!» – деп Қуат Сұлтанұлы Сенат төрағасының құттықтауын жеткізіп, ақынның жары Алтынгүл апайдың иығына камзол жауып, облыс әкімінің ықылас гүлін табыстады.


    – Ақын Еркін Ібітановтың 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Алматы облысы ақындар мен батырлардың алтын ұясы екені барша жұртқа мәлім. Еркін Ібітанов – табиғат пен адамның арасындағы нәзік байланысты шебер өрнектеген, сезім мен ойды терең ұштастыра білген лирик ақын. Оның әрбір өлеңі – мөлдір сезім, шынайы махаббаттың, туған жерге деген перзенттік ықыластың көрінісі. Ақынның жарқын бейнесі, рухани мұрасы халқымен бірге жасай беретініне сенемін. Еркін Ібітановтың есімі мен еңбегі қазақ әдебиетіне нәзік те сырлы із қалдыратыны анық, – деген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтау хатын оқып берді. Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев ақын Еркін Ібітанов шығармашылығы хақында сөз қозғады. Алматы облысының Құрметті азаматы Тоққожа Естенов өлең өлкесінде өзіндік өрнек, қайталанбас қолтаңба қалдырған Еркін Ібітанов жайлы сахна төрінде кеңінен тарқатып айтып берді. Небәрі 25 жасқа толар-толмас шағында «Қойшылар» атты дастан жазып, барша жұртты талантымен тамсандырған шайырдың шығармашылығына тоқталды.
    – Қазақстанның ең биік нүктесі – Хантәңірі шыңы, біз сол Хантәңірінің етегіндеміз. Сол биік нүктесінде жатып алған, ешқайда бармаған Еркін ағамыз біреулер жылдап жететін биігіне 18-20 жасында жетіп, содан бір сәтке, бір еліге төмендемей өмірден өтті, – деген Бейбіт Сарыбай Қазақстан Жазушылар одағы­ның басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтауын табыстады.
    Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Батық Мәжитұлы «Тау мінезді тарлан» атты баяндамасын оқыды. Әуелгіде ақынның айтыс сахнасына шығып, әдбиет алыптарының назарына шалынғанын, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов аспантаулық ұлға мейірімін төгіп, өз қолымен шапан жапқанын айтып өтті.


    – Жиырмадағы Еркін Ібітановтың атағы айтыспен ғана шектелмеді. Жазба поэзияның аспанын да жарқылдатты.«Қойшылар» поэмасы – заман шежіресі. Ол сонымен бірге әдемі орындалуымен дара. 60 шумақтан тұратын дастанда басы артық тіркес жоқ. Қиыннан қиысқан. Абай атамызша айтқанда, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» қасиеттерге ие, – деген Батық Мәжитұлы тартыс-таласқа толы, ауылдың момын тіршілігі баяндалған «Үйлену» поэмасын баяндамасында тілге тиек етті. Еркін ақынның бір жарым айдың жүзінде қағазға түсірген «Хантәңірі, қайдасың?!» атты Мұқағали туралы өлең-романын да кеңінен сөз етті. Еркін ағамен он шақты жыл қызметтес болғанын, мақтанышпен айтуға тұрарлық өнегелі өмірі мен сәулелі сәттерін баяндады.
    Әдеби-сазды кеш – тек еске алу ғана емес, ақынның мұрасын қайта жаңғырту, оның өлеңдеріне жаңа тыныс беру сәті. Ақынның жүрек тербеген жырларына жазылған төрт әні тұңғыш рет сахна төрінде шырқалып, көпшілікке жол тартты. Бұл – өнер мен поэзияның тоғысқан тұсы, Еркіннің өлеңмен өрілген өміріне құрметтің ерекше бір көрінісі. Еркін Ібітановтың сөзіне жазылған Ерғали Көшербаевтың «Бұлттар», «Хантәңірі – дара шың», Қанат Ибрагимовтің «Жаңбыр» әндері орындалды. «Дос-Мұқасан» тобының мүшесі Айбек Мұхамедәлі мен әнші Сұлушаш Нұрмағамбетова «Іңкәрім-ай» әнін әуелете шыр­қап, көпшілікті сүйсінтті.


    «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп хәкім Абай айтқандай, Еркін ақынның жырлары елмен бірге жасап келеді. Жауһар жырдың сабақтастығын үзбей, ары қарай жалғастыру үшін «Еркін Ібітановтың таңдамалы жыр жинағының» тұсауы көпшіліктің алдында кесілді.
    Айта кетсек, Еркін Ібітановтың 90 жылдығына орай мектеп оқушылары арасында жыр мүшәйрасы өткен еді. Облыс бойынша 100-ден аса оқушылар бақ сынады. Қазылар алқасы шығармаларын сарапқа салып, жыр жүйріктерін анықтады. Кеште мүшәйра жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. 1-орын Ұйғыр ауданынан келген Мұқағали Нұрсұлтанұлына бұйырды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Абзалиденұлы жас ақын Мұқағалиды құттықтап, 500 мың теңгенің сертификатымен марапаттады.
    Салтанатты шара соңында ақын мұрасын насихаттап жүрген қалам­герлер, сазгерлер мен еркін­танушыларға Еркін Ібітанов атындағы арнайы төсбелгіні Батық Мәжитұлы мен ақынның ұрпағы Ерлан Еркінұлы табыс етті.
    Осылайша, Еркін Ібітановтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Еркін- жырдың аспаны» атты әдеби-сазды кеш мәресіне жетті.
    Туған елдің туының,
    Тұғыры болсам, несі мін?!
    Өлеңім сенің тойыңа,
    Шашыла берсін шашу боп,
    Бар байлығым осы еді,
    Маңдайға біткен несібем, – деп туған елінің тұғыры болған өшпес жырлары мәңгі халық жадында. Ақын рухына көрсетілген құрмет пен өнер арқылы өрілген естелік жүректерде сақталып қалары сөзсіз.

    Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

    Райымбек ауданы

    Ұсынымдар

    Халықтық штаб Қонаев қаласында дәрігерлердің АЭС-ке қатысты сұрағына жауап берді

    Халықтық штаб Қонаев қаласында дәрігерлердің АЭС-ке қатысты сұрағына жауап берді

    1 year ago
    Сынсыз әдебиет – дымсыз әдебиет

    Сынсыз әдебиет – дымсыз әдебиет

    2 years ago
    Ел игілігіне берілді

    Ел игілігіне берілді

    2 weeks ago
    Шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы 2025 жылғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды

    Шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы 2025 жылғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды

    8 months ago
    Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру: «Кәсіби даму жолы»

    Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру: «Кәсіби даму жолы»

    4 weeks ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>