Әр аймақтан келген мықтылар бақ сынап, тартысты бәсеке өрбіткен «Ақ бидай – 2025» VIII республикалық ауыл спорты ойындары мәресіне жетті.
Ауқымды шараның жабылу салтанатында сөз алған Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Қайрат Пазылбек қатысушыларға алғыс білдіріп, ойындардың сәтті ұйымдастырылғанын атап өтті. Ол ауыл спортшыларының жақсы дайындық деңгейін көрсеткенін және өңірлерде бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
– Бұл жарыстар – тек күш пен шеберлікті сынайтын дода ғана емес, ұлттық дәстүрді сақтау мен өңіраралық достықты нығайтудың маңызды факторы. Мұндай ауқымды іс-шара туризмнің дамуына, халықтың денсаулығын нығайтуға және спорттық инфрақұрылымды жақсартуға серпін береді, – деді Қайрат Пазылбек.
Естеріңізге сала кетейік, жарысқа еліміздің 17 командасынан жалпы саны 2000-нан астам спортшы қатысты. 20-дан астам олимпиадалық, олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлерін қамтыған бұл іс-шара Қонаев қаласы мен Талғар, Еңбекшіқазақ және Қарасай аудандарында өтті.
Жалпыкомандалық есеп бойынша Түркістан облысының командасы бірінші орынды иеленсе, екінші орынды Алматы облысы жеңіп алды. Біздің жерлестер аламан бәйге, топ бәйге, аударыспақ, жамбы ату, көкпар, құсбегілік, теңге ілу, қазақ күресі, жекпе-жек, тоғызқұмалақ, армрестлинг, үстел теннисі сияқты спорт түрлерінде жоғары нәтиже көрсетті.
–Біз жарысқа бірнеше ай дайындалдық. Жалпыкомандалық екінші орынды иелену – спортшыларымыздың мықты командалық рухының, облыс басшылығы мен жанкүйерлердің қолдауының арқасы. «Ақ бидайдың» басты ерекшелігі – мұнда ұлттықтан бастап заманауи спорт түрлеріне дейін қамтылған. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың бір жолы. Алдыңғы буын дәстүрдің жалғасып жатқанын көрсетсе, жастар ата-баба мәдениетін спорт арқылы танып жатыр, – деді Алматы облысы командасының капитаны Жасұлан Қалиақпаров.
Үшінші орынды Батыс Қазақстан облысының командасы иеленді. Келесі ойындар төрт жылдан кейін Солтүстік Қазақстан облысында өтеді.
Ерзат АСЫЛ