Перейти к содержимому
Главная страница » Жаңа төраға

Жаңа төраға

     Қазақстан Журналистер одағы Алматы облыстық филиалының басшылығы жаңарды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен басқосуда Алматы облыстық, «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар Қазақстан Журналистер одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы болып тағайындалды.
Жиынды ашқан «Өлке тынысы» ЖШС директоры Кәдірбек Құныпияұлы Журналистер одағының қоғам­дағы маңызына тоқталып, алдағы міндеттердің ауқымын атап өтті. Оның айтуынша, ұйым журналистердің кәсіби біліктілігін шыңдап, одаққа жаңа мүшелер қабылдау, ардагер қаламгерлерді құрмет­теу сынды жүйелі жұмыс­­тарды қолға алуы тиіс. Ол Қуаныш Абайбекұлына сәттілік тілеп, әріптестік қолдау білдірді.
Келесі сөз кезегін алған Қазақстан Журналистер одағы Алматы облыстық филиалының бұрынғы төрағасы Гүлжан Қызайбай одақпен тығыз байланыс орнатып, бірлесе жұмыс атқарған әріптестеріне өз ризашылығын жеткізді.
– Журналистер одағы – мемлекеттен тыс болғанымен, бірақ журналистердің құқы­ғын қорғауға, кәсіби қолдау көрсетуге қауқарлы ұйым. Биыл мен еңбек ететін «Жетісу» телеарнасы Алматы облысындағы қызметін аяқтап, Талдықорғанға көшкелі отыр. Осыған байланысты Қазақстан Журналистер одағының басшылығымен ақылдаса отырып облыстық филиал төрағалығын Қуаныш Тұнғатарға тапсыру туралы ұйғарымға келдік. Ол алғашқы күннен-ақ жанымнан табылып, үлкен жауапкершілік таныт­ты. Ақпараттық саланы жетік меңгерген Қуаныш Абайбекұлына алдағы уақытта ұйым жұмысын абыроймен атқаратынына сенемін, – деді ол.
Жаңа төраға Қуаныш Тұнғатар өз кезегінде әріптес­тер сенімін ақтауға бар күш-жігерін салатынын айтты.
– Құрметті әріптестер, Журналистер одағы тек атақ -дәреже берумен шектел­мейді. Бұл ұйымның басты міндеті – қаламгерлердің құқығын қорғау, олардың кәсіби шыңдалуына жағдай жасау. Сондықтан бұл жауап­кершілікті жалғыз өзімнің емес, барлығымыздың бірлескен еңбегіміз деп білемін. Алдағы уақытта сіздермен бірге ұйым туын биік ұстаймыз деген сенімдемін, – деді ол.
Осылайша, жергілікті жур­налистер өзара ынтымақ­пен жаңа басшыны сайлап, қоғам­дық негіздегі шығармашылық қауым­дас­тықтың жұмысын жан­дандыруға ниет білдірді.

Өз тілшіміз