UEFA Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі 2-турда алматылық «Қайрат» орталық стадионда 15 дүркін жеңімпаз «Реал Мадридті» қабылдады. Осылайша оңтүстік астанада ел тарихында екінші рет Чемпиондар лигасының
әнұранын әуелетті.
Итальяндық төрешінің ысқырығы естілген бетте алматылық «Қайрат» алға қарай ұмтылып, қарсылас қақпасы маңында бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды. Дегенмен діттеген мақсатына жете алмады. Ал ойынның 25-минутында 18 жастағы Шерхан Қалмырза өз айып алаңында тәртіп бұзып, франциялық шабуылшы Килиан Мбаппе белгіленген пенальтиді мүлт жібермеді. Осылайша алғашқы тайм 1:0 есебімен «Реал Мадридтің» пайдасына шешілді. Мұнан соң таблодағы есеп екінші таймда өзгерді. Мадридтік команда үздігі Килиан Мбаппе 52-минутта дубль авторы атанып, көп ұзамай 74-минутта хет-трик жасап, есепті еселей түсті. Қонақтардың қарқыны мұнымен басылған жоқ. Кезекті шабуылдың бірінде Камавинга қақпаны дәл көздеп, есепті жаңартты. Ал соңғы сөзді Браим Диас айтып, таблодағы көрсеткішті 5:0-ге жеткізді. Бұл ойынды 22 788 жанкүйер тамашалады. Олардың арасында Қытай, Үндістан, Ресей, Жапония, Ұлыбритания, Испания, Чехия, ТМД елдері мен өзге де Еуропа мемлекеттерінен келген жанкүйерлер бар. Өкінішке қарай, қазақстандық клуб өз алаңында сенімді ойын көрсеткенімен, тәжірибелі қарсыласына есе жіберді.
Ойыннан кейінгі баспасөз жиынында «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин ойынға баға берді. Екі команда арасындағы деңгейдің алшақтығына тоқталды. Ол «Реал Мадрид» – Еуропаның ең үздік клубы, ал «Қайрат» әзірге алғашқы жүздіктің қатарында емес екенін еске салды. «Жеңілу, әрине, көңіл көншітпейді, кез келген командаға ауыр тиетіні анық. Бірақ біздің құрамның құны – 12 миллион еуро, ал «Реал Мадрид» командасының құны – 1,4 миллиард еуро. Олардың бір ойыншысы бүкіл лигамыздың құнымен бірдей. Сол себепті даңқты клубтармен бәсекелестік арқылы тек ойынымызды жақсарта аламыз. Біздің футболшылар үздік қарсыластармен ойнағанның пайдасын көреді. Біз осындай жеңілістер арқылы күшейеміз», – деді «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин отандық телеарналардың біріне берген сұхбатында. Ал «Реал Мадрид» футбол клубының бас бапкері Хаби Алонсо «Қайрат» футболшыларының жанкештілігіне риза болғанын жеткізді. Сондай-ақ алматылық клуб Чемпиондар лигасында лайықты ойнайтынын айтты. «Чемпиондар лигасының ойыны алматылықтар үшін қаншалықты маңызды екенін көрдік. «Қайрат» кездесудің басында өте жақсы ойнады. Ал біз керісінше бұл алаңда өзімізді жайсыз сезіндік және алғашқы минуттарда командалық ойын көрсете алмадық. Бірақ пенальтиден кейін менің командам жақсы ойнай бастады. «Қайрат» футболшыларының жанкештілігіне риза болдым», – деді «Реал Мадрид» футбол клубының бас бапкері Хаби Алонсо.
Жеңілістің өзі жеңіске пара-пар сезілген түнде Алматы жұрты футбол мерекесін тойлады. Қала көшелері сары жалаушағы көмкеріліп, көліктердің дабылы естілді. Тіпті кейбір жанкүйерлер «Реал Мадрид» сапындағы француз жұлдызы Мбаппеге арнайы автокөлік тарту еткісі келді. Бұл тарихи кездесу халықаралық БАҚ-та да кеңінен талқыланды. Олар Килиан Мбаппенің хет-тригі мен испандық клубтың Қазақстанға алғашқы сапарының тарихи маңызына ерекше назар аударғанын жазуда. Әйгілі ESPN-нің хабарлауынша, Килиан Мбаппенің Чемпиондар лигасындағы төртінші хет-тригі «Реалға» дерби жеңілісінен кейін қалпына келуге көмектесті, бұл «Мадрид Атлетикодан» 5:2 есебімен жеңілгеннен кейінгі Алматыға алғашқы ұзақ сапары болған. Испандық басылымдар француз шабуылшысының үлесін атап өткен. Мбаппенің өзі «Атлетико Мадридке» қарсы ойыннан кейінгі команданың жоғары ынтасын мойындады. «Біз сенбі күні болған бұл ойынды ешқашан ұмытпауымыз керек. Менің міндетім – командаға матчтарда жеңіске жетуге көмектесу. Үш гол өте жақсы болды, бірақ мен одан да көп гол соға алар едім», – деді ол «Movistar Plus» басылымына берген сұхбатында. Халықаралық комментаторлар үшін бұл матч «Реал Мадридтің» төзімділігін және «Қайраттың» дебюті арқасында Қазақстанның еуропалық футбол сахнасындағы өсіп келе жатқан рөлін көрсетті. Алматылықтар топтық кезеңде енді Кипрдің «Пафос», Италияның «Интер», Данияның «Копенгаген», Грекияның «Олимпиакос», Бельгияның «Брюгге» және Англияның «Арсенал» клубтарымен кездеседі. Бұл – «Қайраттың» алдына үлкен сынақтар күтіп тұрғанын көрсетеді.
Ерзат АСЫЛ