Перейти к содержимому
Главная страница » Өзгермеген адам

Өзгермеген адам

     Биыл көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмабай Шаштайұлының туғанына – 75 жыл. Осыған орай Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Өзгермеген адам» атты еске алу кеші өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, қаламгердің шәкірттері, әріптестері және жерлестері қатысты. Мәдени шара Жұмабай Шаштайұлының әдеби мұрасын ұрпақ санасына сіңіру, рухани орнын айшықтау мақсатында ұйымдастырылды.

Шарада Жұмабай Шаштайұлының шығармашылық жолы, қаламгер­лігімен қоса қайраткерлігі жан-жақты сөз болып, өмірлік ұстанымы және ел игілігі жолындағы еңбегі жайлы жылы естеліктер айтылды. Жиында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның арнайы жолдаған хатын көпшілік алдын­да аталмыш министрліктің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төра­ғасы Рустам Әли оқып берді. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы басқар­масының лебізі жеткізілді.
Кешті көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет жүргізді. Серік Әбікенұлы, Ақан Әбдуәлі, Ғалым Қалибекұлы, Сәуле Досжан, Болат Мүрсәлім, Қанат Тілеухан, Гүлзия Пірәлиева, Гүлжахан Орда, інісі Дүйсебай Шаштайұлы сияқты басқа да шығар­машылық иелері ой-пікір­лерін ортаға салды.
«Ол ел өміріндегі айтулы өзгеріс­­терді, адам тағдырын, табиғатын, қарапайым тіршілігін өз шығарма­ларының өзегі етті. Жұмабайды танитын, білетін адамдардың барлы­ғының да бірауыздан айтатыны – қарапайымдылығы. Осындай тұлға­ның біздің қазақ әдебиетінің, қазақ журналистикасының тарихында өзіндік орны ешқашан өшпейді», — деді жазушы Бекен Ыбырайым.
Көпшілік алдында жазушының зайыбы Әскен Жексенбаеваға сый-құрмет көрсетілді. Кеш аясында «Өзгермеген адам» атты естелік кітаптың тұсаукесері өтті. Жинақта жазушы­ның архивтік материалдары, замандастарының пікірлері мен сирек фотосуреттері қамтылған. Сондай-ақ кітапта оның әдеби мұрасы мен тұлғалық болмысына қатысты маңызды деректер ұсынылған. «Бұл кітап облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көріп, әзірге 500 данамен ғана басылып шықты. Облыстың кітапханалар желісіне түседі», – деді жазушының шәкірті Бағашар Тұрсынбайұлы.
Қаламгердің туған жері­нен облыс­тық мәслихат депутаты Махаббат Бигелдиев бастап келген азаматтар Жұмабай Шаштайұлының адамгершілік асыл қасиет­терін еске алды. Бұл орайда Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас жаны жайсаң абзал аға туралы лебізін білдіріп: «Бүгінгі кеш – тек еске алу ғана емес, ұлт руханиятының, қазақ сөз өнерінің биік өкілін ұлықтайтын тағылымды сәт. Жұмабай Шаштайұлы өз шығармаларында ел мен жердің қадірін, туған топырақтың қасиетін тереңнен суреттеп, ұлттың мінезі мен рухын көркем тілмен өрнектей білді. Біз әрдайым есімін ұлықтап, шығармаларын өз тарапымыздан да насихаттауды өзіміздің міндетіміз деп білеміз», – деді.
Жиында сөз алғандар қаламгердің әдеби мұрасын ұрпақ санасына сіңіру, ел тарихындағы рухани орнын айшықтау керектігін айтты. Жұмабай Шаштайұлы еңбек жолын газет-журналдарда бастап, халықаралық «Заман-Қазақстан», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінің және Қазақ радиосының бас редакторы қызметтерін атқарған. Жазушының «Қызыл қар», «Жала мен нала», «Жыр-жолбарыс», «Біздің заманның Аяз биі», «Жаңғырық» атты жинақтары мен романдары оқырман жүрегінен орын тапты. Қайраткер қаламгер ретінде қоғам жүгін, ел мұңын көтерген мазмұны терең, өткір мақалалар, шоқтығы биік шығармалар жазып, ұлт руханиятына сүбелі үлес қосты. Соңынан еріп, қолына қалам ұстаған жастарға кемел ұстаз болып, шәкірттерінің шырағын жағып, талантын ұштағаны сөз болды. Ал төрт томдық шығармалар жинағының соңғы томы биыл шығатыны айтылды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ