Қонаев қаласында 2012-2014 жылдары туған жасөспірімдер арасында асық ату және бес асықтан облыстық чемпионат өтті. Дәстүрлі додаға барлық аудан, қалалардан 25 команда қатысып, 120-дан астам спортшы бақ сынады.
Жарыстың ашылу салтанатында облыстық асық ату және бес асық федерациясының президенті Назым Байырбаев мұндай турнирлер ұлттық рухты көтеріп, жастарды ата-баба дәстүріне баулу мен отансүйгіштік сезімін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтты. Ол өз сөзінде:
– Асық ату мен бес асық – ғасырлар қойнауынан жеткен қазақтың дәстүрлі ойындары. Ол ептілік пен дәл көздеуді, төзімділік пен шапшаңдықты дамытады. Қазіргі таңда бұл ойындар Қазақстанда ресми спорт түрлері ретінде дамып, өз федерациялары мен жарыс жүйесіне ие болды. Біздің облыстық федерация үш жыл бұрын құрылды. Сол уақыттан бері түрлі жас ерекшелігі бойынша бірнеше жарыс өткіздік. Биылдың өзінде алты бірдей сайыс ұйымдастырдық. Спортшыларымыз республикалық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүр, – деп аймақтағы асық мергендерінің ел чемпионатында облыс намысын лайықты қорғап жүргендерін тілге тиек етті.
Келесі сөз тізгінін алған жарыстың бас төрешісі Еркін Рақымбаев қатысушылардың дайындығы мен жарыстың тәрбиелік мәніне тоқталды.
– Осындай жарыстар арқылы жас ұрпақтың бойында ата дәстүрге құрмет, ерік-жігер мен зейін қалыптасады. Қуантатыны – балалардың бұл ойындарға ерекше ынтамен қатысып, өз қабілетін көрсетуге барын салуы, – деді ол.
Чемпионат бағдарламасында жеке және командалық сындар ұйымдастырылып, әр кезең тартысқа, спорттық серпін мен өзара құрметке толы болды. Жас асықшылар алғашқы сәттен-ақ шеберлігін танытып, жеңіске деген жігерін көрсетті. Өйткені бұл додада облыс чемпионы атағымен қатар, 2025 жылдың 26-30 қазан күндері аралығында Шымкент қаласында өтетін Қазақстан чемпионатында өңір намысын қорғау жолдамасы сарапқа салынды. Жарыс қорытындысы бойынша мергендігімен көзге түскен жүйріктер топ жарып, чемпион атағына ие болды. Асық атудан нысананы дәл көздеп, шеберлігімен дараланған Жамбыл ауданынан келген Әлинұр Асқарбек пен Тілеужан Бақытнұрұлы, талғарлық Юнус Мамуев, қарасайлық Талшын Асланбекқызы мен Гаухар Мұрат жеңіс тұғырынан көрінді. Ал жасөспірім ұлдар арасындағы командалық есепте ұлттық ойынға ерекше ықылас танытқан Жамбыл, Қарасай аудандары мен Қонаев қаласының спортшылары топ жарса, қыздар арасында Қарасай, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарының командалары алға шықты. Ұлттық дәстүрдің абыройын асқақтатқан бұл чемпионат жасөспірімдердің ұлттық ойынға деген қызығушылығы мен ептілігін, сондай-ақ қазақ халқының бай рухани мұрасына деген сүйіспеншілікті айқын көрсетті.
Құралбек СӘБИТОВ
Қонаев қаласы




