Перейти к содержимому
Главная страница » Жалған ақпарат жарға жығады

Жалған ақпарат жарға жығады

    Қоғамда жиі кездесетін жайттың бірі – қандай да бір мәтінді бұрмалау немесе толық тыңдамай, оқымай жатып жариялау. Сайттар осы әдісті жиі қолданады. Тақырыпты мәтіннің ішкі мазмұнына сай келмесе де, айқайлатып қояды. Сөйтіп рейтинг жинайды. Бірақ кей адамдар тақырыпқа қарап-ақ ой түйе салады. Осылайша қоғамда дау-дамай артады.

Әсіресе мәтіндерді бұрмалап, сол арқылы манипуляция жасау теріс діни ағымдарда көп кездеседі. Жақында Ұлытау облысында бір адам терроризм айыбымен бес жылға сотталды. Сотталушы ауызша уағыз айтып, бұрмаланған діни мәтіндерді мысалға келтіріп, қала тұрғындарының санасына әсер еткен. Оларды радикалды идеологияға бейімдеуге тырысқан. Мұндай мысалдар қоғамда аз емес.
Жалпы діни мәтіндерді бұрмалау бұрыннан бар. Орта ғасырларда Еуропаның бірнеше аймағында шіркеу қарапайым адамдарға діни кітаптарды қолжетімсіз еткен. Себебі қоғам кітаптарды оқып, интерпретацияны өзі жасауы мүмкін еді. Оған шіркеу жол бергісі келмеді. Діни кітаптардың түсінігін өздері жасап, қоғамды шіркеуге бағынышты етуге тырысты.
Діни таластарға назар аударсақ, шіркеу «күнәні кешіру үшін құлшылық ету» (metanoeite, metanoia) терминін ұзақ жыл бұрмалаған. «YouTube»-тан қарасаңыз, осы туралы біраз деректі фильм бар. Адам күнәсі үшін Құдайдан кешірім сұрап, құлшылық етуге ерікті ғой. Бірақ шіркеу сол құлшылықтың өзі арқылы, ал ең бастысы, ақылы негізде өтуін қалаған.
Дін саласын зерттеушілер қазір деструктивті ағымдар бұрмалап жүрген түсініктердің бірі «жиһад» екенін айтуда. Жиһад – ең алдымен адамның ішкі жандүниесін өзгертуі, нәпсісімен күресуі, өз бойындағы жаман қасиеттерден арылуы. Содан кейін барып дін жолындағы күрес айтылады. Алайда теріс ағымдар бұл түсінікті барынша тарылтуға тырысады. Оны тек «қарумен күрес, соғыс» деп қана түсіндіруге ұмтылады. Олардың кері насихатының зардабы да жоқ емес. Кезінде Сирияға кеткендердің көбі – бұрмаланған насихат алғандар.
Қазір бұрынғыдай не айтылса, соған сенетін уақыт өтті. Күмәнді ақпаратты интернеттен қарап, тексеруге болады. Мамандардан кеңес аласыз. Бір сөзбен айтқанда, ақпаратты нақтылаудың жолы көп.

Асхат Қасенғали,
саясаттанушы