Мемлекеттік тілді меңгеру – әрбір азаматтың қоғамда толыққанды өмір сүруінің кепілі. Қазақстан Республикасының Конституциясында қазақ тілі – мемлекеттік тіл деп айқындалған. Сондықтан оны ересек тұрғындарға үйрету – тек тілдік білім беру ғана емес, әлеуметтік интеграция мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың маңызды тетігі.
Ересектерге тілді оқыту мектептегі балаларға арналған әдістемеден бөлек, себебі олардың жас ерекшелігі, өмірлік тәжірибесі өзгеше. Олар мемлекеттік тілді көбіне қызметтік қажеттілікке, қоғамдық ортада қарым-қатынас жасауға, кәсіби бәсекеге қабілетті болуға, әлеуметтік мәртебені арттыруға байланысты үйренеді. Сондықтан тіл сабақтары практикалық бағытта ұйымдастырылып, өмірде жиі қолданылатын тақырыптарды қамтуы тиіс.
Ересектердің танымдық қоры мол, белгілі бір салада қалыптасқан тәжірибесі бар. Сабақ барысында олардың кәсіби және тұрмыстық тәжірибесін пайдалану тиімді. Мысалы, дәрігерлерге арналған тіл сабақтарында медициналық терминдер, қызмет көрсету саласындағыларға тұрмыстық қарым-қатынас үлгілері көбірек берілуі қажет. Ересектердің басты ерекшелігі – уақыттың шектеулілігі. Жұмысбастылық, отбасылық міндеттер тіл үйренуге көп мүмкіндік бермейді. Сондықтан сабақтар қысқа, мазмұнды әрі тиімді әдістермен өткізілуі қажет. Мобильді қосымшалар, онлайн сабақтар, аудиоматериалдар қолжетімділікті арттырады.
Ересектер үшін тіл – тек пән емес, әлеуметтік қажеттілік. Сондықтан сабақтарда коммуникативтік әдіс, саралап оқыту технологиясы, тәжірибеге негізделген тапсырмалар басым болуы тиіс. Мұндай жағдайда мемлекеттік тілді оқыту нәтижелі болып, қоғамда қазақ тілінің қолдану аясы кеңейеді.
Балжан Төлегенова,
«Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік
орталығы» КММ Іле аудандық филиалының оқытушысы




